2018 жылы Стамбулда қазақтан шыққан түңғыш кәсіби скрипкашы Әлім Алмат ақсақал 101 жасында өмірден өтті. Тағдыры тоқсан толғақты аңыз адамға ақыреттік топырақ түрік жұртынан бұйырды. Өз заманында Мәскеу, Вена және Париждегі өнер ордаларында оқыған, бір кездері Мұстафа Шоқайдың «баласы» атанған диссиденттің ғұмыры қазақтың бір ғасырлық тарихын өзіне жинақтағандай еді.
Аққұмда аунап өскен бала
Әлім Алмат атанып жүрген ол кісінің шын есімі – Ғалымжан Әбсалямов.
1917 жылы Ырғыздың Аққұмында дүниеге келген. Бабасы патша заманында өмір сүрген Алмат Тобабергенұлы (1805–1895 ж.ж.) сардар атанып, би болған. Ғалымжан сол сардар Алматтың екінші ұлы Төремұрат болыстың немересі.
Өз әкесі Әбдісалам ерте қайтыс болып, кішкене кезінде болыс атасының тәрбиесінде болған. Ғалымжанның бұралаң тағдыры Совет билігі орнап, би, болыстарды қудалау лебімен бірге басталды.
Жетім қалған Ғалымжанды туған ағасы, қазақтың тұңғыш кәсіби кинооператры Файзулла Әбсалямов Ташкентке, нағашы боп келетін Темірбек Жүргеновке алып барды. Темкең бірінші кезекте білім алу керектігін айтып, кім болғысы келетінін сұрайды. Бұл математик не инженер болғысы келетінін айтқан. Ол заман қазақ жерінде математик дайындау қиын кезең еді, сондықтан да нағашысы өзімен бірге Алматыға алып кетіп, Алматы музыка техникумының скрипка класына құжат тапсырғызады. Тектінің тұқымы музыка, өнерден де хабары бар еді. Кейін Екінші жаһан соғысында тұтқынға түскенінде осы скрипканың арқасында өмірі Берлин, Париж, Стамбулда жалғасқан.

Сахнадан майданға дейін
Ол кез Темірбек Жүргеновтың Қазақстан Халық ағарту комиссары боп келіп жатқан кезі болатын. Ғалымжан музыка техникумын бітіріп, Мәскеу консерваториясына құжат тапсырып үлгерген. Оған дейін 1936 жылы Қазақстанның Мәскеудегі мәдени күндеріне Ахмет Жұбановтың жасақтаған оркестрі құрамында барып келген. Сталиннен бастап бәрі таңқалған Мәскеудегі мәдени декададан кейін қазақ зиялыларының басына қара бұлт үйірілді. 1937-1938 жылғы зобалаң-репрессия басталды. Репрессияда Ғалымжанның нағашысы «Темірнарком» – Темірбек Жүргенов те ұсталып, атылды. Ғалымжанның басына қиын күндер қайта оралды. Тығырықтан шығар жол таба алмай, Мәскеу консерваториясы студенті өзі сұранып 1939 жылы әскерге кетті. 1941 жылы соғыс оты бұрқ етіп, әскери қызметі аяқталмаған Ғалымжан Брест қорғанысынан бір-ақ шықты. КСРО астанасын екі армия қорғап, жауынгерлердің негізі қырылған, қалғандары тұтқынға түскен кезең еді бұл. Тек жауынгерлердің жанкештілігімен, әскердің бар күші шоғырланған, үш жауынгердің екеуі қаза болған майдан еді ол.
Ғалымжан да Брест қорғанысында қатты жараланып, тұтқынға түседі. Осымен оның Германия, Польша жерлеріндегі концлагердегі өмірі басталды. Бұл Алаш қайраткері, диссидент Мұстафа Шоқайдың «Түркістан легионын» құрамын деген желеумен тұтқындағы азиаттарға қолдан келгенше көмек жасаған 1941 жылы болатын. Мұстафа Шоқай бас-аяғы үш айда 180 мың негізінен мұсылман тұтқынның өміріне араша болған екен. Солардың қатарында болған Ғалымжан Алаш көсемінің көмегімен жеңіл жұмысқа жіберілген. Ол да бір өнермен қайта табысу мүмкіндігі еді. Өкінішке орай, Мұстафа Шоқай 1941 жылы желтоқсанда ауруханада, жұмбақ жағдайда қайтыс болды.
Қайта табысқан скрипка
Қайраткердің көмегімен «жеңіл жұмысқа» жіберілген Ғалымжан неміс офицерінің үйінде күтуші боп жүрді. Жасыратыны жоқ, тамағы тоқ, киімі бүтін Ғалымжанның көңілін тек бір нәрсе бөле берді. Ол – бөлмеде тұрған фортепиано (пианино). Сол аспапты көрген сайын ойы сан-саққа шарықтайды, тіпті тұтқында екенін де ұмытып кете жаздайды. Бір күні жан-жағына қарап, ешкім жоқ екеніне көзі жетіп аспаптың алдына отырды. Саусақтары клавишке тигенде дүниенің бәрі ұмыт болды. Көсіліп тұрып небір классикалық туындыларды ойнады ғой. Ту сыртынан біреу қарап тұрғандай болып, бұрылса, аң-таң боп неміс офицері тұр. Азиат тұтқынның кәсіби ойнауына аң-таң әрине. Екеуі де өзіне өзі келгесін кім, не, қалай деген сұрақтар басталады ғой. Ғалымжан өзінің кәсіби скрипкашы екенін, әскерге Мәскеу консерваториясынан алынғанын айтады.
Сондан не керек, музыканттың өміріне қаныққан неміс офицері Ғалымжанды ертіп алып, Берлин филармониясына тапсырыпты. Қандай кезең болса да ішкі мәдениетін, зиялылығын жоймайтын, әрбір адамы өнерді өмірден биік қоятын халықтар болатынын сол кезде түсінді Ғалымжан. Бұл да бір өмір сабағы еді. Сол жылдарда Ғалымжан Вена консерваториясында дәріс алды. Солай Ғалымжан Әбсалямов скрипкамен қайта табысқан кезең болды.

«Мұстафаның жиені»
Соғыс біткенде, өзін Совет Одағында еш жақсылық күтіп тұрмағанын сезген Ғалымжан қалай болғанда да Париждегі Мұстафа Шоқайдың жесірі Мария Шоқайдың мекенжайын тапқысы келді. Тұтқында бірге болғандардың бірі Қарыс Қанатбаевтан адресті алып, Парижге хат жазды. Мария Шоқайдан жауап алып, ол кісі Парижге шақырады. Мария Шоқай Ғалымжанды Мұстафаның туған бауырындай қабылдап, былайғы жұртқа «Мұстафаның жиені» деп таныстырып, ресми құжаттарын жөндеп, Франциядағы Рахманинов консерваториясына оқуға түсуге көмектеседі. Ол жайында Мария Шоқай естелігінде былай деп жазыпты: «...1947 жылы Германиядан Мұстафаның қандасы, скрипкашы Ғалымжан келді. Ол скрипкада шебер ойнайтын. Оған консерватория бітіргені жөнінде құжат керек болатын. Мен оны Париждегі Рахманинов консерваториясына жаздым...».
Үш-төрт жыл Парижде Мария «анасымен» тұрған Ғалымжан Мария Шоқайдың батасымен 1950 жылы Түркияға қоныс аударды. Соңына түсетіндерден қорыққан Ғалымжан тегін Алим (Әлім) Алмат деп өзгертті. Стамбулда татар қызы Итилмен (Еділ) бас қосты. Мария Шоқаймен байланысын үзбей, ол кісі өмірден өткенге дейін хат жазысып тұрды. Мария «анасы» әр хатын «Қымбатты менің балаларым...» деп бастайтын. Мария Шоқай өмірінің соңы жақындағанда Әлім Алматқа Мұстафа Шоқайдың біраз дүниесін (жазу машинкасын, біраз архивін) елден алып кеткен туған жердің топырағын табыстаған. Мысалы, қазіргі қолданыста жүрген Абылай хан суреті Шоқайдың архивінен шыққан. Әлім Алмат болса Шоқай мұраларын жетпісінші жылдары Совет Одағынан барған делегацияның ішінен қазақтарды тауып, соларға табыстаған.

Бейбіт өмір бастауы
Отбасын құрған Әлім Алматтың бейбіт өмірі сол 1950 жылдардан басталды. Үш консерваторияда дәріс алған скрипашы еңбек жолын Стамбул оркестрінде скрипач-музыкант боп жалғастырды. Елдің айтуынша классикалық музыканың мықты орындаушысы болыпты. Қалай болғанда да талай өлімнен алып қалған сол скрипка ғой. Зейнетке шыққанша, 25 жыл сол жерде еңбек етті. Еділ екеуі ұлды боп, оған Төре деп ат қойды. Немересін Мұрат деп атап, бабасы Төремұрат болыстың есімін жаңғыртты.
Совет заманында қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби скрипкашыны елге қайтару шаралары да жасалған. Ондай жұмыспен кім айналысатыны белгілі. Тіпті, алпысыншы жылдары туған ағасы, оператор-режиссер Файзулла Әбсалямовты Түркияға жіберген. Бірақ бауырымен табысқан Әлім Алмат бәрібір келмеді. 1970 жылдарда шетелге совет делегациясын бастап барған академик Сайын Балмұқанов Әлім Алматқа Қазақ ССР бірінші хатшысы Қонаевтың сәлемдемесін жеткізеді. Онда Димаш Ахметұлы «Елге оралсын. Енді қорқатын ешнәрсе жоқ» деген екен. Бірақ, Стамбул филармониясының скрипкашысы Әлім Алмат елге оралмады.
Десе де, елден 1939 жылы кеткен скрипкашы туған топыраққа оралмады. Тек 1992 жылы Тәуелсіздік алған Қазақстанға, Дүние жүзі қазақтарының құрылтайына келгені бар. Сол келгенінде қазақтан шыққан тұңғыш скрипкашы саналатын Әйткеш Толғамбаевпен кездесті. Елу жылдан астам уақыттан кейін. Сонау отызыншы жылдары Ғалымжан музыка техникумын соңғы курсында жүргенде Әйткеш келіп оқуға түскен екен. Екеуі де соғыста болып, екеуі де тұтқынға түскен. Ғалымжан елге оралмай батыста қалса, Әйткеш елге оралып, «Отанын сатқан» деп қайта сотталып кетіпті.

Сол 1992 жылы келгенде туған топырақ Ырғызда болды. Тірі қалған туыстарымен кездесті, елу жылдан асқан уақытта. Алмат бабасының басына барып, Құран бағыштады. Ата-бабаларының жатқан жерін аралады... Бірақ онан кейін Отанға ат басын бұрмады. Оның себебі өзіне ғана аян.
Елдегі туыстар соңғы 15–20 жылда Стамбулда тұратын ақсақалмен байланыс орнатқан, барып-келіп тұрды. Ағайындар барып, 100 жылдығын атап өтті. Талайлы тағдыр иесінің өміріне қызыққан журналистер, тарихшылар да ақсақалға ат басын бұрып тұрды.
Елден барған журналистердің «Қазақстанда тұңғыш скрипкашы деп Әйткеш Толғамбаев саналады, бұған не дейсіз?» деген сауалға тоқсанға таяған Әлім Алмат былай деп жауап беріпті: «Ол дұрыс. Менен 4-5 жас кіші Әйткеш екеуміздің тағдырымыз ұқсас. Екеуміз де музыка техникумын скрипка класын бітірдік. Екеуміз де соғысқа қатысып, тұтқында болдық. Бірақ соғыстан кейін екеумізді екі жол күтіп тұр еді. Мен осында қалдым, ол Отанына оралды. Ол жақта оны тағы да түрме, тағы да қиындық күтіп тұрды. Десе де, ол жақсы күндерден үмітін үзбей, елдің тәуелсіздігін көрді. Сол себепті, оның есімі тұңғыш скрипкашы болып аталуы жөн». Бұл нағыз өнер иесі, тағдырлы жанның сөзі еді.
Әлім Алмат (Ғалымжан Әбсалямав) 1918 жылы Стамбулда 101 жасында өмірден озды. Ғасырдан асқан өмірінде бір адам баласы көретіннің барлығын көрді. Оның өмірі жақсы ма, жаман ба оған уақыт төреші.