2026 жылғы 27 маусымда сағат 09:00-де Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының алдындағы алаңда (Шевченко көшесі, 28) «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік конкурс-көрмесі өтеді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Іс-шараны Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Атамекен» ҚР ҰКП Алматы қаласы бойынша филиалы ұйымдастыруда.
Конкурс отандық өндірушілерді қолдаудың, қазақстандық өнім сапасын арттырудың және ішкі нарықта бәсекеге қабілетті тауарларды ілгерілетудің негізгі алаңдарының бірі болып табылады. Оның басты мақсаты -кәсіпорындарды заманауи сапа стандарттарын енгізуге ынталандыру және бизнес пен халық арасында сапа мәдениетін дамытуға ықпал ету.
Биыл көрмеге отандық өнімнің кең ассортиментін ұсынатын 60-тан астам өндіруші қатысады. Келушілер үшін дәм тату, өнімдер таныстырылымы, қазақстандық брендтер жәрмеңкесі, сондай-ақ жергілікті өндірушілердің жаңа өнімдері мен тауарларының көрсетілімі ұйымдастырылады.
Конкурсқа қатысуға Қазақстан Республикасының аумағында өнеркәсіптік, азық-түлік тауарларын және өндірістік-техникалық мақсаттағы өнімдерді өндіруді жүзеге асыратын және шығарылатын өнімнің тұрақты сапасын дәлелдейтін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер шақырылады.
Конкурс үш номинация бойынша өткізіледі:«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар»;«Халыққа арналған үздік тауарлар»;«Үздік азық-түлік тауарлары».Әр номинация бойынша үш жеңімпаздан анықталады. Өңірлік кезеңнің үздік кәсіпорындары Алматы қаласының намысын республикалық «Қазақстанның үздік тауары» конкурс-көрмесінде қорғайды.
Республикалық кезеңнің қорытындысы бойынша тоғыз кәсіпорын конкурс дипломанты атағына ие болып, дипломдармен және «Қазақстанның үздік тауары» ресми эмблемасымен марапатталады, сондай-ақ конкурс белгісін төрт жыл бойы жарнамалық мақсатта пайдалану құқығын алады.
Конкурсқа қатысу үшін Алматы қаласының кәсіпкерлері өтінімдері мен сұрақтарын келесі электрондық поштаға жолдай алады: otp.atameken@gmail.com.
Алматы тұрғындары мен қонақтарын көрмені тамашалауға және отандық өндірушілерге қолдау көрсетуге шақырамыз. Үздікті бірге таңдаймыз!