AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • Басты бет
  • Құрылтай
  • Барлығы
    • Ресми бөлім
    • Спорт
    • Керек кеңес
    • Медицина
    • Білім және ғылым
    • Заң мен тəртіп
    • Оқиға
    • Не? Қайда? Қашан?
    • Эксклюзив
    • Алматы көшелері
    • Жолдау
    • Келешек мектептері
    • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес
  • Жаңа Конституция
Қазақ Qazaq قازاق Русский
Қазақ Qazaq قازاق Русский
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • 🏠 Басты бет
  • Құрылтай
  • Барлығы
    • • Ресми бөлім
    • • Спорт
    • • Керек кеңес
    • • Медицина
    • • Білім және ғылым
    • • Заң мен тəртіп
    • • Оқиға
    • • Не? Қайда? Қашан?
    • • Эксклюзив
    • • Алматы көшелері
    • • Жолдау
    • • Келешек мектептері
    • • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес
  • Жаңа Конституция
  • 📰 Газет архиві

Біз әлеуметтік желілерде:

💱 Валюта бағамы:

Басты бет / Білім және ғылым / Өзгеріске бастайтын көшбасшылық

Өзгеріске бастайтын көшбасшылық

Білім және ғылым Бүгін 11:47 71
Өзгеріске бастайтын көшбасшылық

Мектеп директоры болып жүргенде «Күн сайын қаншама мәселені шешіп жүріп, мектептің болашағына, түпкі мақсатына жеткілікті көңіл бөле алып жүрмін бе?» деген сұрақ мені жиі мазалайтын.

Педагогтің кәсіби қиындығы, ата-ананың өтініші, оқушылар арасындағы келіспеушілік, орынбасарларға бағыт беру – әр мәселенің артында адам тағдыры мен үлкен жауапкершілік тұрады. Осындай күнделікті қарбаласта ұзақ мерзімді даму жоспарлары кейде шұғыл міндеттердің тасасында қалатыны рас.

Бүгінде Ноттингем университетінде білім алып жүріп, Алматыдағы директорлық тәжірибеме қайта үңілемін. Дәрістер мен ғылыми еңбектерден кезінде өзім бетпе-бет келген мәселелерді жиі кездестіремін. Сол кезде тәжірибеге сүйеніп қабылдаған кейбір шешімдерімнің ғылыми негізін енді тереңірек түсініп жүрмін. Кейбір мәселелерге бүгін мүлде басқаша қарар едім.

Жағдайды түсіну – өзгерістің бастауы

Профессор Кристофер Дэйдің зерттеулеріндегі маңызды идеялардың бірі – сәтті көшбасшылықты мектептің контексінен бөліп қарауға болмайды деген тұжырым. Бұл менің директорлық тәжірибеме өте жақын.

Бір басқару тәсілі барлық жағдайда бірдей нәтиже бермейді. Команда жаңадан қалыптасып жатқанда орынбасарларға нақты бағыт беріп, жұмысты жақыннан сүйемелдеу қажет. Ал олардың тәжірибесі мен кәсіби дербестігі артқан сайын шешім қабылдауға көбірек мүмкіндік беруге болады.

Сондықтан көшбасшылықты дайын басқару тәсілдерінің жиынтығы емес, нақты жағдайды түсініп, соған сәйкес әрекет ете білу қабілеті деп қабылдаймын. Мақсат өзгермеуі мүмкін, бірақ оған жетудің жолы мектептің жағдайына, команда әлеуетіне және даму кезеңіне қарай өзгеріп отырады.

Команда құру – дербестікті дамыту

Басқару командасы бір күнде қалыптаспайды. Директор болған кезде орынбасарларға әдістемелік қолдау көрсетіп, әр жоспар мен бастаманы мектептің стратегиялық мақсаттарымен байланыстыруға тырыстым. Орынбасарлар әдістемелік бірлестік жетекшілерімен, ал олар мұғалімдермен жұмыс істеді. Педагогтердің кәсіби қажеттіліктеріне қарай семинарлар мен курстар ұйымдастырдық.

Алайда тәжірибе маған маңызды бір нәрсені көрсетті: міндетті бөліп беру жауапкершілікті бөлісу деген сөз емес.

Нағыз дербестік адамға өкілеттік берілгенде, оның шешіміне сенім болғанда және қажет кезінде кәсіби қолдау көрсетілгенде қалыптасады.

Уақыт өте келе орынбасарлар мәселені жеткізіп қана қоймай, өздері бірнеше шешім ұсынып, бастама көтере бастады. Мен үшін бұл басқару командасының кәсіби әлеуетінің өскенін білдірді. Өйткені мықты мектепті бір директор қалыптастырмайды. Оның артында шешім қабылдай алатын, жауапкершілікті бөлісетін және ортақ мақсатты түсінетін команда тұрады.

Жоғары талап пен тең мүмкіндік

Директор болған жылдары мені көп ойландырған мәселелердің бірі – балалардың білім алу мүмкіндіктерінің бірдей болмауы.

Бір отбасы баласына репетитор жалдайды, қосымша курсқа береді, тіл үйретеді, спортқа немесе музыкаға қатыстырады. Ал басқа отбасының мұндай мүмкіндігі болмауы мүмкін. Бұл айырмашылық мектеп табалдырығынан аттаған кезде жоғалып кетпейді.

Әлеуметтік жағдай баланың болашағын алдын ала анықтамайды. Бірақ оның білім алу мүмкіндігіне әсер ететін факторлардың бірі екенін ескермеуге де болмайды. Сондықтан мұндай жағдайда мектептің компенсаторлық рөлі күшейеді. Тегін үйірмелер, пәндік кеңестер, қосымша сабақтар, университеттермен және қосымша білім беру ұйымдарымен серіктестік осы алшақтықты азайтудың тетіктеріне айнала алады.

Бірақ мәселе қанша мүмкіндік жасағанымызда ғана емес. Ол мүмкіндік кімге жетті? Оны кім пайдаланды? Кім әлі де шетте қалып отыр?

Мен үшін білім берудегі теңдік туралы әңгіме осы сұрақтардан басталады.

Мектеп мәдениеті басшыдан ұзақ өмір сүреді

Мектептің әлсіз нәтижесін тек әлеуметтік жағдаймен немесе оқушылардың бастапқы білім деңгейімен түсіндіру де дұрыс емес. Көшбасшылықтың ықпалы бар.

Директор мектептен кетуі мүмкін, бірақ оның кезінде қалыптасқан басқару тәжірибесі, қарым-қатынас үлгілері, бастама мен жауапкершілікке деген көзқарас ұжымда сақталып қалады. Жаңа басшы жұмысты таза парақтан бастамайды – ол өзіне дейін қалыптасқан мектеп мәдениетіне келеді.

Сондықтан мектеп мәдениетін өзгерту – ұзақ мерзімді процесс. Мұғалім кәсіби қиындығын ашық айтып, сынның орнына қолдау көрген сайын сенім нығаяды. Орынбасардың пікірі тыңдалып, шешім қабылдауға мүмкіндік берілген сайын дербестік артады. Ал оқушы өзін қауіпсіз сезініп, сұрақ қоюдан, пікір білдіруден және қателесуден қорықпауы тиіс.

Ата-анамен серіктестікке жаңа көзқарас

Өз тәжірибеме рефлексия жасай отырып, кейбір бағыттарға жеткілікті жүйелі көңіл бөлмегенімді де түсінемін. Соның бірі – ата-анамен серіктестік.

Біз мектеп ішінде кәсіби әлеуетті дамыту жүйесін қалыптастыруға көп көңіл бөлдік. Ал ата-анамен жұмыс көбіне жиналыс өткізу, ақпарат беру немесе туындаған мәселені шешу деңгейінде қалып қоятын.

Бүгін директорлық қызметке қайта оралсам, ата-анамен серіктестікті мектепті дамытудың жеке бағыты ретінде қарастырар едім.

Бұл ата-ананы мектепті басқаруға араластыру деген сөз емес. Кәсіби шекара сақталуы тиіс. Бірақ ата-ана баласының білім алу процесін түсініп, мектеппен ашық диалог құра алуы және оның шешімдеріне сенуі қажет. Сенім бір жиналыста қалыптаспайды. Ол жүйелі қарым-қатынас, ашықтық және орындалған келісімдер арқылы орнығады.

Мектеп нәтижесін қалай бағалаймыз?

Ноттингемдегі оқу барысында мені көп ойландырып жүрген сұрақтардың бірі – мектеп пен оның басшысының жетістігін қалай бағалайтынымыз.

Мектептердің бастапқы жағдайы бірдей емес. Бір мектепке академиялық дайындығы жоғары оқушылар көбірек келсе, екіншісінде әлеуметтік жағдайы күрделі отбасылардың балалары басым болуы мүмкін. Бірінде тәжірибелі педагогтерден құралған тұрақты команда бар, екіншісінде кадр ауысымы жоғары.

Осындай мектептердің директорларын тек қорытынды академиялық көрсеткіштер арқылы салыстыру қаншалықты әділ?

Бұл төмен нәтижені ақтау емес. Қандай контексте жұмыс істесе де, мектеп баладан жоғары нәтиже күтуі тиіс. Бірақ жоғары талап пен контексті түсіну бір-біріне қайшы келмейді.

Оқушының қай деңгейден бастағанын, қаншалықты ілгерілегенін, оқыту сапасының қалай өзгергенін де ескерген жөн. Директордың жұмысын бағалағанда мектептің бастапқы жағдайы, оқушылар құрамы, педагогтердің кәсіби әлеуеті және белгілі бір уақыт ішінде болған өзгеріс назардан тыс қалмауы керек.

Ал күрделі мектептерге кәсіби қолдау көбірек қажет болса, дәл сол мектептерге мықты директорлар мен тәжірибелі педагогтерді тартудың жүйелі тетіктері қарастырылуы тиіс. Бұл – бір директордың ғана емес, тұтас білім беру жүйесінің жауапкершілігі.

Теория тәжірибеге қайта қарауға мүмкіндік береді

Қазір Ноттингем университетінде профессор Мартин Каммингспен «Білім берудегі табысты көшбасшылық және өзгерістер» (Successful Leadership and Change in Education) пәнін оқып жүрміз.

Пән аясындағы мен үшін ерекше академиялық кездесулердің бірі – білім берудегі көшбасшылықты әлемдік деңгейде зерттеп жүрген профессор Кристофер Дэйдің сабағымызға келуі болды. Ғылыми еңбектерін оқып жүрген зерттеушінің дәрісін тікелей тыңдап, оның идеяларын аудиторияда талқылау теория мен практиканың байланысын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.

Бүгінде мен үшін рефлексия – өткен тәжірибеге «дұрыс» немесе «бұрыс» деп баға беру емес. Ол – тәжірибені қайта зерттеу: неге дәл осындай шешім қабылдадым, ол қандай жағдайда нәтиже берді, неге басқа жағдайда жұмыс істемеді және бүгін сол жағдайға қайта тап болсам, нені өзгертер едім?

Осындай сұрақтар тәжірибені жай естелік күйінде қалдырмай, кәсіби білімге айналдырады.

Теориядан – нақты өзгеріске

Ноттингемде алған білімімнің университет аудиториясында немесе ғылыми жұмыста ғана қалғанын қаламаймын.

Мектеп көшбасшылығын дамыту, басқару командаларының кәсіби әлеуетін күшейту, педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуын қолдау, ата-анамен серіктестікті мектепті дамыту стратегиясына енгізу және білім алу мүмкіндіктеріндегі теңсіздікті азайту – алдағы кәсіби қызметімде жалғастырғым келетін бағыттар.

«Өзгерістің 1000 көшбасшысы» кадрлық резервіндегі дайындық, мектеп директоры ретіндегі тәжірибем және Ноттингем университетіндегі қазіргі оқуым – мен үшін бір-бірінен бөлек кезеңдер емес. Бір кезеңде жинаған тәжірибемді келесі кезеңде ғылыми тұрғыдан қайта қарап, толықтырып келемін.

Бүгінде мектептің шынайы жетістігін тек рейтингпен немесе жоғары академиялық көрсеткішпен өлшеу жеткіліксіз деп ойлаймын. Ол – білім алу мүмкіндігі кеңейген оқушыдан, кәсіби қолдау тапқан мұғалімнен, дербес шешім қабылдай алатын басқару командасынан, мектепке сенетін ата-анадан және өзгерісті жалғастыра алатын мектеп мәдениетінен көрінеді.

Ал директордың міндеті – барлық мәселені өзі шешу емес. Нағыз көшбасшылық – сен кеткеннен кейін де мектептің дамуын жалғастыра алатын команда мен мәдениет қалыптастыру.

Асель НОВИКС
«Өзгерістің 1000 көшбасшысы» кадрлық резервінің мүшесі,
Ноттингем университетінің магистранты

Телеграм арнаға жазылыңыз
#мектеп
Бөлісу:
Жүктелуде...

Соңғы жаңалықтар

2026 жылдың 1-15 қазан аралығындағы ресми теріске шығарулардың жиынтығы

Бүгін 12:08

Алматы мектептерінде балалардың қауіпсіздігіне арналған практикалық сабақтар өтіп жатыр

Бүгін 11:52

Алматыда «Giro d’Almaty 2026» веложарысына байланысты көлік қозғалысы уақытша шектеледі

Бүгін 11:50

Алматыда «Дала дәмі» республикалық акциясы аясында демалыс күнгі жәрмеңкелер өтеді

Бүгін 10:34

Қазақстан Дүниежүзілік банктің металдар мен минералдар секторын дамыту жөніндегі жаһандық бастамасына қосылды

Бүгін 10:15
Telegram
Жазылыңыз
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті

"Alatau Aqparat" медиахолдингі

Сілтемелер

  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Жарнама
  • Жазылу
  • Газет архиві

Байланыс

  • Республика Казахстан. 050022, г. Алматы, Адрес: ул. Шевченко, 106 а
  • +77272930803
Copyright 2026, "Alatau Aqparat" медиахолдингі
Яндекс.Метрика
// SMI24 виджет setTimeout(function() { if (typeof Smi24 !== 'undefined') { Smi24.init('[data-smi-widget-id="130"]'); } }, 1500);