2026 жылы 18 қазанда Алматы қаласында велоспорт әуесқойлары мен ардагерлері арасында жыл сайынғы «Giro d’Almaty» шосселік веложарысы өтеді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Бұл Қазақстандағы әуесқой велоспорт күнтізбесіндегі ең айтулы жарыстардың бірі.
Жарыстың өткізілуіне байланысты 18 қазанда сағат 09:00-ден 09:30-ға дейін Керей – Жәнібек хандар көшесінің батыс жағында, «Royal Tulip Almaty» қонақ үйінен (Керей – Жәнібек хандар көшесі, 401/2) «Медеу» биік таулы спорт кешеніне дейінгі аралықта автокөлік қозғалысы уақытша шектеледі.
Көлік қозғалысына қойылатын шектеулер жарысқа қатысушылардың жол бойымен өтуіне қарай кезең-кезеңімен енгізіліп, алынып отырады.
Қала тұрғындары мен қонақтарынан уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарап, жол жүру бағыттарын алдын ала жоспарлауды сұраймыз.