Экс-Президент кеңесшісі – Президенттің халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Зүлфия Сүлейменова жаңа қызметке тағайындалды, деп хабарлайды Aqshamnews.kz тілшісі.
СІМ Қазақстанның баспасөз қызметі Сүлейменованың Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі болып тағайындалғанын растады.
Сүлейменова туралы не белгілі?
Зүлфия Сүлейменова 1990 жылы Ақтөбеде туған. 2012 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша бітірді, 2014 жылы халықаралық қатынастар магистрі атанды. 2016 жылдан Жапониядағы Ұлттық саяси зерттеулер институтында (GRIPS) PhD докторантурасында оқыды.
Еңбек жолын 2013 жылы бастаған. 2014–2015 жылдары ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) сыртқы саясат және халықаралық қауіпсіздік бөлімінің ғылыми қызметкері болды. 2015–2017 жылдары Бангкоктағы БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты үшін Экономикалық-әлеуметтік комиссиясында (ESCAP) қоршаған орта және даму, энергия, макроэкономикалық саясат және даму қаржыландыру дивизиондарында жұмыс істеді.
2019 жылы БҰҰ Даму бағдарламасында (Түрікменстан/Қазақстан) және ESCAP-та қызмет атқарды. 2020–2021 жылдары ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Климаттық саясат және «жасыл» технологиялар департаменті директорының орынбасары, 2021–2022 жылдары VII шақырылым Мәжіліс депутаты болды.
2022 жылғы наурыз–2023 жылғы қаңтар аралығында экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі, 2023 жылғы 4 қаңтарда — экология және табиғи ресурстар министрі болып тағайындалды. 2023 жылғы 21 қыркүйекте Мемлекет басшысының өкімімен Президенттің халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі – кеңесшісі болды. 2025 жылғы 25 қыркүйекте осы қызметтен босатылғаны хабарланған.