Бүгін, 17 маусым – Халықаралық қоқыс жинаушылар күні. Бұл айтулы дата қоршаған ортаның тазалығы мен халық денсаулығын қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген қоқыс жинаушылардың, аула сыпырушылардың, коммуналдық қызметкерлердің және қалдықтарды қайта өңдеу саласы мамандарының еңбегіне құрмет көрсету мақсатында атап өтіледі. Олардың күнделікті атқаратын қызметі көбіне көзге көріне бермегенімен, қоғам өмірінде алатын орны ерекше.
Қоршаған ортаның тазалығы – адамзат өмірінің сапасы мен денсаулығына тікелей әсер ететін маңызды факторлардың бірі. Қазіргі таңда экологиялық мәселелер жаһандық сипат алып отыр. Ауаның, судың және жердің ластануы көптеген аурулардың таралуына себеп болып, әсіресе балалардың денсаулығына үлкен қауіп төндіруде. Мамандардың мәліметтері бойынша, қоршаған ортаның ластануынан әлемде минут сайын бір бала қайтыс болатцнскөрінеді. Бұл – адамзат баласын табиғатты қорғау мен тазалық мәдениетін қалыптастыруға үндейтін маңызды көрсеткіш.
Осындай жағдайда қоғамның санитарлық тазалығын қамтамасыз етіп жүрген мамандардың еңбегі айрықша маңызға ие. Олар жылдың төрт мезгілінде, кез келген ауа райында өз міндетін адал атқарып, тұрғындарға таза әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға үлес қосуда. Сондықтан Халықаралық қоқыс жинаушылар күні – олардың еңбегін бағалап, қоғам алдындағы жауапты қызметіне алғыс білдіретін ерекше күн.
Қоршаған ортадағы қоқыс пен ластық инфекциялық аурулардың таралуына қолайлы жағдай жасайды. Әсіресе тұрғын үйлердің маңында жиналған қалдықтар түрлі бактериялар мен зиянды жәндіктердің көбеюіне себеп болады. Соның салдарынан адамдардың денсаулығы нашарлап, балалар арасында жұқпалы аурулар жиілейді.
Таза орта адамдардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, олардың өмір сүру сапасын арттырады. Көшелердің, саябақтардың және аулалардың таза болуы тұрғындардың көңіл күйіне оң әсер етіп, қоғам мәдениетінің деңгейін көрсетеді. Сондықтан тазалық мәселесі тек коммуналдық қызметтердің ғана емес, әр азаматтың ортақ жауапкершілігі болуға тиіс.
Қауіпті әрі жауапты еңбек
Қоқыс жинаушы мамандығы адамзат тарихындағы ең көне кәсіптердің бірі болып саналады. XIV ғасырда Ұлыбританияда орын алған «Қара оба» індеті кезінде қалалардағы қоқысты жүйелі түрде шығару қажеттілігі туындады. Сол кезеңде алғашқы қоқыс жинаушылар пайда болып, көшелердегі қалдықтарды арбаларға тиеп, қала сыртына шығарып отырған. Олар қоқыМсты арнайы тырмалармен жинағандықтан, халық арасында «тырмалаушылар» деген атаумен белгілі болған.
Уақыт өте келе бұл кәсіп қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Қазіргі таңда қоқыс жинау, сұрыптау және қайта өңдеу жұмыстары заманауи технологиялар арқылы жүзеге асырылғанымен, бұл саланың адамдарға қауіпсіз әрі таза орта қалыптастыру тұрғысындағы негізгі мақсаты өзгерген жоқ.
Қоқыс жинаушылар мен тазалық қызметкерлерінің жұмысы сырт көзге қарапайым көрінгенімен, шын мәнінде үлкен жауапкершілік пен төзімділікті талап етеді. Олар күн сайын түрлі қауіп-қатерлерге тап болады. Мысалы, жұмыс барысында медициналық қалдықтардан, сынған әйнектерден немесе өткір заттардан жарақат алу қаупі жоғары. Сонымен қатар зиянды химиялық заттармен байланысу, түрлі инфекцияларды жұқтыру, ауыр жүктерді көтеру салдарынан денсаулыққа зиян келуі мүмкін.
Бұған қоса, олар аптап ыстыққа, қақаған аязға, жаңбыр мен қарға да қарамастан өз міндетін атқара береді. Осылайша, тазалық қызметкерлері қоғам игілігі үшін еңбек етеді. Сондықтан олардың еңбегін бағалау және құрметтеу – әрбір азаматтың парызы.
Тазалық – өркениетті қоғам айнасы
Қалдықтарды басқару саласындағы мамандардың еңбегін дәріптеу мақсатында америкалық кәсіпкер Джон Арвудтың бастамасымен 2011 жылы алғаш рет Ұлттық қоқыс жинаушылар күні аталып өтті. Қалдықтарды кәдеге жарату және санитарлық қызмет көрсету саласында жұмыс істеген кәсіпкер бұл мерекені енгізу арқылы қоқыс жинаушылардың қоғамдағы рөлін көрсетуге және олардың еңбегіне деген құрметті арттыруға ұмтылды.
Әлемде жыл сайын олардың қоғам үшін атқаратын маңызды еңбегі насихатталады. Сонымен қатар қалдықтарды басқару, қайта өңдеу және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне арналған семинарлар, дәрістер мен ағартушылық бағдарламалар өткізіледі. Бұл іс-шаралар халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға және табиғатқа жауапкершілікпен қарауға ықпал етеді.
Тазалық сақтау тек арнайы қызметкерлердің ғана міндеті емес. Әр адам қоршаған ортаны қорғауға өз үлесін қоса алады. Қоқысты арнайы орындарға тастау, қалдықтарды сұрыптау, пластик пен қағазды қайта өңдеуге жіберу, қоғамдық орындарды ластамау – экологияны қорғаудың қарапайым әрі тиімді жолдары.
Көптеген еріктілер мен белсенді азаматтар сенбіліктер ұйымдастырып, көшелер мен саябақтарды тазалауға қатысады. Бұл әрекеттер табиғатты қорғауға ғана емес, қоғамда жауапкершілік пен бірлікті нығайтуға да қызмет етеді. Аула сыпырушыларға алғыс айтып, олардың еңбегін құрметтеу де – азаматтық мәдениеттің белгісі.
Қоршаған ортаның тазалығын сақтау жолында еңбек етіп жүрген коммуналдық қызметкерлер мен аула сыпырушылар, қоқыс жинаушылар мен қалдықтарды қайта өңдеу мамандарының еңбегі арқасында қаламыз көркейіп, тұрғындардың өмір сүру жағдайы жақсарады. Сондықтан олардың еңбегін құрметтеп қана қоймай, қоршаған ортаны таза ұстауға өз үлесімізді қосуымыз қажет. Табиғатты аялау, тазалықты сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру – болашақ ұрпақ алдындағы маңызды міндетіміз.
Роза РАҚЫМҚЫЗЫ