Құрманың жанама өнімдері ішектегі пайдалы бактериялардың өсуін ынталандырып, қорғаныштық метаболиттердің түзілуін күшейтеді.
Мұндай қорытынды ғалымдардың Food & Function (F&F) журналында жарияланған зерттеуінде келтірілген, - деп хабарлайды aqshamnews.kz.
Зерттеу барысында мамандар өңделген Rojo Brillante сұрыпты құрмадан алынған ерігіш және ерімейтін тағамдық талшық фракцияларын талдады. Тәжірибе сау еріктілердің ішек микробиотасын пайдалана отырып жүргізілді. Нәтижесінде талшықтардың әртүрлі түрлері ішек бактерияларының құрамына әрқалай әсер ететіні анықталды.

Атап айтқанда, кейбір фракциялар Bacteroides, Megasphaera, Oscillibacter мен Lachnospiraceae тұқымдасына жататын бактериялардың көбеюіне ықпал еткен. Бұл микроағзалар қысқа тізбекті май қышқылдарын өндірумен байланысты.
Ферментация барысында ацетат, пропионат және бутират сияқты метаболиттердің түзілуі артқаны байқалған. Бұл қосылыстар ішек қабырғасының тұтастығын сақтауға және қабыну үдерістерін реттеуге көмектеседі. Әсіресе ерігіш талшықтар айқын әсер көрсетіп, антиоксиданттық және қабынуға қарсы қасиеттері бар индол-3-пропион қышқылының көбірек бөлінуіне ықпал еткен. Ғалымдардың айтуынша, дәл осы ерігіш талшықтар «метаболикалық тұрғыдан ең белсенді» болған.
Қосымша талдау талшықтар мен полифенолдардың құрамы белгілі бір бактериялардың көбеюіне әсер ететінін көрсетті. Мәселен, арабиноза мен фукозаға бай фракциялар Oscillibacter өсімін арттырса, ерімейтін талшықтар Megasphaera бактерияларын белсендірген.
Зерттеушілердің пікірінше, бұл нәтиже құрманы өңдеу қалдықтарынан пребиотикалық ингредиенттер жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, өсімдік талшықтары ішек микробиотасын қоректендіріп қана қоймай, оның қорғаныштық механизмдерін де күшейте алатынын дәлелдейді.