Қазақстандағы ең танымал спортшылардың бірі, волейболшы Сабина Алтынбекова "Астана" клубынан кеткеннен кейін де спорттық мансабын аяқтамайтынын мәлімдеді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
29 жастағы спортшы елордалық командамен келісімшартын тұрақты маусым аяқталуына бір ай қалғанда тараптардың өзара келісімімен бұзған. Қазір ол клубсыз жүр. Дегенмен Алтынбекованың айтуынша, бұл оның мансабын аяқтайтынын білдірмейді.
Оқырмандардың бірі спортшыдан:
— Волейбол маусымы аяқталды ма? — деп сұраған.
Сабина бұған былай жауап берген:
«Қазақстанда волейбол маусымы бір айдан кейін аяқталады. Мен белгілі себептерге байланысты осы маусымды ертерек аяқтауды шештім. Мансабымды жалғастырамын ба? Әрине! Жаңалық күтіңіздер», — деді волейболшы.
Еске салайық, Сабина Алтынбекова өткен жылдың күзінде бірнеше жыл шетелдік клубтарда ойнап жүргеннен кейін Қазақстан волейболына қайта оралған. Кейінгі маусымды ол «Астана» сапында өткізді.
Сабина 17 жасынан бастап Қазақстан құрамаларына әртүрлі жас санатында шақырылып келген. 2014 жылы волейболдан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында жарқырап көрініп, турнирдің ең танымал ойыншыларының біріне айналған.
Танымал болғаннан кейін ол шетелдік командаларда да өнер көрсетті: Жапонияның GSS Sunbeams, БАӘ-нің «Аль-Васл», Индонезияның Yogya Falcons клубтары.
Қазір спортшының әлеуметтік желідегі жазылушылары 1,1 миллионға жетіп, оны Қазақстандағы ең танымал спортшылардың қатарына қосып отыр.