Freedom Референдум
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • Басты бет
  • Алматы
    • Ресми бөлім
    • Спорт
    • Керек кеңес
    • Медицина
    • Білім және ғылым
    • Заң мен тəртіп
    • Оқиға
    • Не? Қайда? Қашан?
    • Эксклюзив
    • Алматы көшелері
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • 🏠 Басты бет
  • Алматы
    • • Ресми бөлім
    • • Спорт
    • • Керек кеңес
    • • Медицина
    • • Білім және ғылым
    • • Заң мен тəртіп
    • • Оқиға
    • • Не? Қайда? Қашан?
    • • Эксклюзив
    • • Алматы көшелері
  • 📰 Газет архиві

Біз әлеуметтік желілерде:

💱 Валюта бағамы:

Басты бет / Алматы / Қырғызстан жолсапары: «Нарын – кыш керемети» тәнт...

Қырғызстан жолсапары: «Нарын – кыш керемети» тәнті етті

Алматы Бүгін 16:24 45
Қырғызстан жолсапары:  «Нарын – кыш керемети» тәнті етті
Гүлжанат Сембаева

Қырғыз Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығының қолдауымен, Қырғыз Республикасы Нарын облысының ұйымдастыруымен «Нарын – кыш керемети» халықаралық турына қатысып қайттық.  Бұл саяхат өлкедегі қысқы туризмнің әлеуетін кеңірек танытуға бағытталған.  

Үш күндік сапар барысында Қазақстан, Өзбекстан, Қытай, Ресей, Сербия және Қырғызстаннан келген блогер-саяхатшылар, туристік компания өкілдері, кәсіпкерлер мен БАҚ өкілдері – жалпы 38 саяхатшы Нарын өңірінің табиғаты, этно-мәдениеті және гастрономиялық ерекшеліктерімен танысты.

Нарынның географиялық орналасуы, табиғи тартымдылығы, тарихи-мәдени мұраларының молдығы мен сәулеттік ерекшелігі өңірдің туристік әлеуетінің аса қуатты екенін аңғартты. Өңір туралы айтқанда, бірінен бірі асып түсетін, бірінде жоқты бірі толықтыратын өлкелер мен нысандарды шабыттана жазуға болады.

Діттеген жеріміз – облыс орталығы Нарын қаласы. Алматыдан Бішкекке жеткен соң, әріқарай ұшақпен бару керек болғанбыз. Бірақ ауа-райының қолайсыздығына байланысты ұшақ ұшпайтын болып, жолға автобуспен шығуға тура келді.  Әуелде туристерге ыңғайсыз болғанымен, кейін оның өзі сапардың ең әсерлі сәттерінің біріне айналды. Өйткені, Нарын қаласына ұшақпен барсақ, жолдың екі жағын жайлаған, құзар шыңын мәңгіге қар басқан асқар таулардың, шатқалдар мен жота-жотаны көмкерген ғажайып көріністерді тамашалап, көз суару бақыты бұйырмас еді.

«Қырғыз Сібірі»

Нарын облысы – Қырғызстандағы жеті облыстың ішіндегі аумағы жағынан ең үлкен әрі биік таулы аймақтарының бірі. Бұл өңір теңіз деңгейінен орта есеппен 2000 метрден жоғары орналасқан. Қытымыр қысымен ерекшеленетін Нарынды жергілікті халық «Қырғыз Сібірі» деп атайды.  Себебі мұнда қыс айларында ауа температурасы –40°C-қа дейін төмендеп, айналаны ақ ұлпа қар мен көк мұз құрсауына алады. Ал жазда Нарын мүлде басқа кейіпке енеді. Тау самалы жанға жайлы салқын сыйлап, қоңыржай климат табиғат аясында тынығуға қолайлы жағдай жасайды. Мұнда елдің оңтүстігіндегідей аптап ыстық болмайды. Табиғаты Қазақстанның Нарынқолына келеді, алты ай қыс, күн түсуі қиын жер.   Көркем табиғатымен көз тартатын Нарындағы қар жамылған асқар таулар, жоталар мен кең аңғарлар, өзен-көлдер қысқы туризмді дамытуға сұранып-ақ тұр. Бұл үш күндік халықаралық турдың мақсаты да осы еді. Әлемге Қырғызстанның Нарын өлкесін таныту, туристік әлеуетін дамыту.

Облыс орталығы – Нарын қаласы. Аймақ арқылы әйгілі Торугарт асуы өтеді, бұл – Қытаймен шектесетін стратегиялық маңызы бар бағыттардың бірі. Сондай-ақ, Нарын өңірінде табиғи сұлулығымен танылған Сон-Көл көлі орналасқан. Нарынның сұлу табиғаты фото және видео контент жасаушылар үшін де тартымды. Тур барысында блогерлер мен медиа саласының өкілдері аймақтың қысқы келбетін таспалап, халықаралық аудиторияға таныстыруға мүмкіндік алды.

Таза ауасы мен өндірістік жүктеменің аздығы  – Нарынның басты артықшылықтарының бірі. Ғасырлар бойы сақталған салт-дәстүр, көшпелі мәдениет, қолөнер мен ұлттық тағамдары кез келген туристі тартады. Табиғаттың сұлулығы мен ұлттық болмыстың үйлесімі Нарын облысының туристік әлеуетін одан әрі арттыра түсетіні сөзсіз.

  «Халықаралық баспасөз-турына қатысқан барша меймандарға алғысымды білдіремін. Бұл басқосудың негізгі мақсаты – Нарын облысында ішкі және халықаралық туризмді дамыту, әсіресе қысқы туризмнің әлеуетін кеңінен таныстыру. Біз жыл сайын мұндай турларды дәстүрлі түрде өткізіп келеміз. 2025 жыл туризм саласы үшін табысты болды деп айта аламыз. Жыл сайын Нарын өңіріне келетін туристер саны артып келеді. Биыл облысқа шамамен, 200 мыңға жуық турист келді. Оның ішінде 50 мыңға жуығы – шетелдік қонақтар.

Нарын – жазғы туризммен ғана емес, қысқы туризммен де ерекшеленетін аймақ. Осы бағытты дамыту мақсатында біз қысқы туризм фестивалін ұйымдастыруды қолға алдық. Үш күндік халықаралық турға көршілес елдерден туристік компания өкілдері, журналистер, блогерлер шақырылды. Өңіріміздің мүмкіндіктерін халықаралық деңгейде насихаттауға жасалған нақты қадам деуге болады.

Қазіргі таңда біз Нарынның жазғы жайлаулары мен табиғатын ғана емес, қыс мезгіліндегі әлеуетін де кеңінен таныстыруды көздеп отырмыз. Облыстың таулы аймақтары, қарлы ландшафты, таза ауасы – қысқы демалыс үшін өте қолайлы. Сонымен қатар біз қымбат қонақүйлерді көбейтумен шектелмей, ауылдық туризмді дамытуға басымдық беріп отырмыз. Яғни, облыс тұрғындары өз үйлерін туристерге бейімдеп, ұлттық тағам ұсынып, қырғыздың дәстүрлі өмір салтын көрсетуде. Бұл – этно және гастрономиялық туризмді дамытуға үлкен мүмкіндік.

Нарын облысының өзіндік ерекшелігі бар. Біз табиғи ресурстарды тиімді пайдаланып,  қолжетімді әрі сапалы туризм ұсынуға тырысамыз. Туризмді дамыту тек кәсіп емес, тұтас өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды. Шетелден келген әріптестерімізден ұсыныстар мен пікірлер күтеміз. Бірлескен жобалар арқылы Нарынның туристік әлеуетін одан әрі арттырамыз деп сенемін», – деді Нарын облысының губернаторы Нурбек САТАРОВ.

Этнотуризм мен гастрономиялық мәдениет

Сапарымыз тек тау туризмімен шектелген жоқ. Қырғыз халқының дәстүрлі тұрмыс-тіршілігімен етене танысып, ұлттық мәдениеті, қолөнері мен салт-дәстүрлерін көзбен көрдік. Әсіресе, жергілікті тұрғындардың дархан көңілі мен қонақжайлығы ерекше әсер қалдырды. Өңірдегі өнерпаздар әр барған жерімізде сән-салтанатпен қарсы алып, дәстүрлі әндерін әуелете шырқады. Қобыз бен қомыздың сарыны, күй мен әуен арқылы әр қонаққа құрмет көрсетіп, халықтың бай мәдениетін айшықтағандай болды.

Қырғыз халқының ұлттық ат спорты – көк бөрүні тамашалаудың да сәті түсті. Бұл туристерге арнайы ұсынған шоу емес еді, көшпелілер дәуірінен келе жатқан төл дәстүр. Көк бөрү – қырғыз халқы үшін батыр бабалардың ерлігін жаңғыртатын, рухты асқақтататын қасиетті ойын.

Гастротуризм бағытында да аймақтың әлеуеті анық сезілді. Қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынылып, ет асу дәстүрі көрсетілді, жергілікті сүт өнімдерінің дайындалу ерекшеліктерімен таныстық. Құрт пен май, бозо мен курай шай секілді табиғи өнімдерден бастап, жаңа сойылған малдың етінен дайындалған асқа дейін ұсынды. Табиғи, таза тағамдар  –  Нарын асханасының басты ерекшелігі әрі өңірдің гастрономиялық бренді деуге негіз бар.

Чон-Туз тұз шахтасы 

Нарын өңірі қырғыз халқы үшін ғана емес, алыс-жақыннан келген қонақтар үшін де тынығып, емделетін мекенге айналып үлгерген.  Мұндағы ерекше орындардың бірі – елдегі ең танымал тұз шахтасы Чон-Туз, ол Нарын облысының Кочкор ауданында орналасқан.

Шахтаның ерекше қасиеті – оның емдік микроклиматы, яғни спелеотерапия, тыныс алу жолдары, аллергия және демікпе ауруларын емдеуде тиімді. Мұнда арнайы оңалту орталығы жұмыс істейді. Тұз шахтасындағы ауа жоғары тұз концентрациясына ие, бұл емделушінің тыныс алу жүйесін қалпына келтіріп, жүйке және тері ауруларын емдейді.

«Қазір жергілікті туристерді қабылдау бағытындағы жобамен айналысып жүрмін. Бүгінгі инфо-турға қатысу мен үшін үлкен қуаныш. Шынымды айтсам, ұйымдастыру деңгейі өте жоғары – барлығы кәсіби, сапалы әрі мазмұнды өтті. Егер дәл осындай қызмет көрсету деңгейі туристік компанияларда да тұрақты жолға қойылса, өңірдегі туризмнің сапасы әлдеқайда жоғары болар еді.

Мен Қырғызстанның біраз жерін араладым, елдің әр өңірі ерекше әсер қалдырады. Бірақ Нарын – қаймақ секілді, мүлдем бөлек. Қаймақ қалай сүттің ең нәрлі, ең қою бөлігі болса, Нарын да Қырғызстанның қаймағы іспетті. Туристер мұнда келсе, сөзсіз тәнті болады. Алайда табиғаттың сұлулығымен қатар, қызмет көрсету сапасы да жоғары болуы керек. Егер сапа төмен болса, турист кейін бұл жерге қайта оралмауы мүмкін.

Біздің «Жаратман үйү» атты жобамыздың мақсаты – жергілікті тұрғындарды туризм талаптарына бейімдеу, сапалы қызмет көрсету мәдениетін қалыптастыру. Турист келген кезде табиғатты көріп қана қоймайды. Этнотуризм мен экотуризмнің мүмкіндіктерін толық сезініп, жергілікті мәдениетпен танысып, ерекше әсер алып қайтуы тиіс. Сонда ол өз еліндегі достарына, таныстарына айтып, басқа саяхатшылардың келуіне ықпал етеді. Сонымен қатар біз туристер мен жергілікті тұрғындар арасында ашық қарым-қатынас орнағанын қалаймыз. Турист тек қонақүйде болмай, ауыл тұрғындарымен де тілдесіп, олардың тұрмыс-тіршілігімен, мәдениетімен жақын таныса алса, сапардың құндылығы арта түсер еді.

Тағы бір маңызды мәселе – табиғатты қорғау. Кейбір адамдар жартастарға жазу жазып, табиғатқа зиянын тигізіп жатады. Ал  мұндай әрекеттер туризмнің дамуына кедергі келтіреді. Сондықтан табиғатты аялау – бәрімізге ортақ міндет.

Мен туризмнің болашағына сенемін. Дегенмен оны дамыту үшін тек инфрақұрылым емес, жергілікті халықтың дайындығы мен жауапкершілігі де аса маңызды», – деді блогер-саяхатшы Степан Жаратман.

ТАШ-РАБАТ:

табиғат пен тарихтың тоғысқан нүктесі 

Нарын аймағында біздің сапарымыздың ерекше көрікті әрі тарихи нүктесі – Таш‑Рабат архитектуралық ескерткіші болды. Керуен сарай Қырғызстанның Ат‑Башы ауданында 3 500 метр биіктікте орналасқан және Орта Азиядағы ортағасырлық архитектура мен сауда мәдениетінің маңызды белгісі саналады. Таш‑Рабаттың тарихы көне заманнан шамамен, 15-ғасырдан  басталады. Сырттан қарағанда қарапайым көрінгенімен, Таш-Рабат қалың қабырғалармен қоршалған күрделі құрылым уақыт талқысына төтеп берген тарихи ескерткіш. Оның 31 бөлмесі, үлкен күмбәмен жабылған орталық залы бар және бұл ғимарат сауда керуендері үшін ғана емес, сонымен бірге саяхатшыларға қауіпсіз паналау орны ретінде де қызмет еткен. Қазіргі таңда Таш‑Рабат туристер үшін ғана емес, халықаралық саяхатшылар үшін де тартымды орынға айналып отыр. Қонақтар мұнда тек тарихи ескерткішті тамашалап қана қоймай, шынайы қырғыз мәдениетімен, дала өмірімен жақын таныса алады.

Жалпы алғанда, Таш‑Рабат – бұл тарих пен табиғаттың біріккен көрінісі, Ұлы Жібек жолының маңызды кезеңдерін еске түсіретін, әрі уақыттың қатал жағдайында сақталып қалған тарихи мекен ретінде туристтік бағдарға лайықты орын.

ХІХ‑ХХ ғасырлар басында ғалымдар Таш‑Рабатты жан‑жақты зерттей бастады. Салынған уақытын, тарихи мәнін және мәдени байланысын талқылап, әр түрлі пікірлер айтты. Кейбір зерттеушілер бұл құрылымды орта ғасырлардағы сауда керуендерінің сарайы деп есептесе, басқалары Х–ХІ ғасырларда салынған христиан‑несториан монастырының қалдықтары деп санаған.

1980 жылы Қырғызстан Мәдениет министрлігінің мамандары тарихи‑мәдени құндылығы жоғары ескерткішті қалпына келтіріп, реставрация жасады. Осыдан кейін Таш‑Рабатты шетелдік және жергілікті туристерге көрсетіп, кеңінен таныта бастады. Ежелгі дәуірде Ұлы Жібек жолы бойымен өткен сауда керуендері үшін Таш‑Рабат сол жолдағы маңызды аялдамаға айналған.

Халықаралық әріптестік алаңы

Турдың басты мақсаты – Нарын өңірінің қысқы туристік әлеуетін халықаралық деңгейде насихаттау және іскерлік байланыстар орнату.

Қырғыз Республикасы Президентінің Нарын облысындағы өкілетті өкілдігінің бастамасымен өтіп жатқан халықаралық баспасөз-турының үшінші күні туристік байланыстарды нығайтуға бағытталған 6 ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум екіжақты өзара тиімді серіктестікті дамытуға, туризм саласында тәжірибе алмасуға, инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейтуге және шекаралас аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған.

Аталған келісім алдағы уақытта бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, өңіраралық байланыстарды нығайтуға және туризм әлеуетін тиімді пайдалануға кең мүмкіндік беретінін атап өтті.

Гүлжанат Сембаева

Алматы – Қырғызстан – Алматы.

Телеграм арнаға жазылыңыз
#Алматы #қырғызстан #сапар
Бөлісу:
Жүктелуде...

Соңғы жаңалықтар

1870-тен астам диқан егіс жұмыстарына ерте қаржыландыруға қол жеткізді

Бүгін 17:35

Қазақстандық ғалымдар сейсмикалық қауіпсіздікке арналған отандық технологияны сынақтан өткізіп жатыр

Бүгін 17:24

Мемлекет басшысы Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидземен телефон арқылы сөйлесті

Бүгін 17:12

Қазақстанда күн күрт суытады: кей өңірлерде -40 градусқа дейін аяз болады

Бүгін 17:02

Демалыстан кейін доллар қайта қымбаттады

Бүгін 16:49
Telegram
Жазылыңыз
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті

"Alatau Aqparat" медиахолдингі

Сілтемелер

  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Жарнама
  • Газет архиві

Байланыс

  • Республика Казахстан. 050022, г. Алматы, Адрес: ул. Шевченко, 106 а
  • +77272930803
  • alatauaqparat@gmail.com
Copyright 2026, "Alatau Aqparat" медиахолдингі