Президент педагогтердің құқықтық қорғалуын күшейтуге және білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған заңға қол қойды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Қабылданған түзетулер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 15 тамызда өткен Тамыз конференциясында берген тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленді. Өзгерістер педагогтердің құқықтық қорғалуын күшейтуге, оларды кәсіби қызметіне қатысы жоқ міндеттерге тартуға жол бермеуге, әкімшілік жүктемені азайтуға және білім беру саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған.
Жаңа нормаларға сәйкес педагогтердің, мектептер мен өзге де білім беру ұйымдары басшылығының білім алушылар үшін жауапкершілігі тек кәсіби міндеттерін орындау кезеңімен, яғни білім беру процесі уақытында ғана шектеледі. Сонымен қатар баланың денсаулығы, өмірі мен қауіпсіздігі үшін ата-аналардың жауапкершілігі нақтыланды.
Заң педагогтерден білім беру саласындағы заңнамада көзделмеген кез келген есептер мен мәліметтерді талап етуге тыйым салады. Бұдан бөлек, құжаттаманы бір мезгілде қағаз және электрондық форматта жүргізу міндетін жүктегені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі.
Түзетулердің жеке блогы мектептерде ұялы байланыс құрылғыларын пайдалануды реттеуге арналған. Оқу-ағарту министрлігіне орта білім беру ұйымдарындағы білім алушылар мен тәрбиеленушілердің ұялы байланыс құрылғыларын пайдалану қағидаларын бекіту өкілеттігі беріледі.
Сондай-ақ зияткерлік меншікке құрмет мәдениетін қалыптастыруға және білім сапасын арттыруға бағытталған академиялық адалдық ұғымы енгізіледі.
Бұдан басқа, әкімдіктерге жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарына, сондай-ақ республикалық және (немесе) халықаралық деңгейдегі спорттық жарыстар мен кәсіби шеберлік конкурстарына қатысатын өңірлік жеңімпаздардың қатысуын қамтамасыз ету міндеті жүктеледі. Аталған іс-шаралардың тізбесін Оқу-ағарту министрлігі айқындайды.
WorldSkills халықаралық кәсіби шеберлік конкурстарының жеңімпаздарына ҰБТ тапсырмай-ақ бейіндік білім беру бағдарламалары бойынша университеттерге түсу мүмкіндігі беріледі.
Сондай-ақ психологиялық-педагогикалық қолдауды қажет ететін балаларды қолдау шаралары кеңейтіледі. Заңның жекелеген нормалары шетелдік жоғары оқу орындары филиалдарының қызметін реттеуге және медициналық кадрларды даярлау жүйесін жетілдіруге бағытталған.