Сәрсенбіден бейсенбіге ауған таңда Ислам дінін ұстанатын мұсылман қауымы үшін ораза ұстайтын қасиетті Рамазан айы басталады. Рамазан айында миллиондаған мұсылман күн шыққаннан күн батқанға дейін ас пен судан тыйылады. Бұл – рухани тәрбие мен сабыр мектебі ғана емес, ағза үшін де үлкен сынақ. Оразаны дұрыс ұстау тек ниетке емес, тамақтану мәдениетіне де тікелей байланысты. Мамандардың айтуынша, ауызашар мен сәресіндегі қателіктер денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін.
"Оразада ағзаның сусыздану қаупі бар. Рамазан жаз мезгіліне тұспа-тұс келетін ыстық елдерде сусыздану қатері өте жоғары, өйткені кей адамдар қол еңбегімен айналысып, күн астында жұмыс істейді. Бұл судың булануын арттырып, соған сәйкес ағзаны жедел құрғатады.
Мұндай жағдайда не істеу керек? Суды күн батқаннан кейін ғана ішуге рұқсат болғандықтанн ораза ұстағанда су ішу арқылы қалыпқа келтіре алмаймыз. Сондықтан күн батқаннан таң атқанша 1,5-2 литр су ішкен жөн. Тәтті сусындар, компот, кисель емес, тұрақты түрде сағат сайын таза су ішу керек. Ағзаны нәрлі сорпа секілді сұйықтықтың басқа да көздерімен толықтыруға болады. Рамазан айында адамдар салмақ тастайды, бел жіңішкереді. Ауызашар мен сәресіде көп тамақтанса, мұндай нәтижеге жету мүмкін емес. Тойып тамақтанбау керек. Рамазан ауызды тию ғана емес, ол – өзіңді тәртіпке үйрету, құндылықтарға баға беру айы. Мұндай игі әдеттерді Рамазаннан кейін де ұстанған жөн. Қасиетті айды тиімді өткізу үшін ең біріншіден артық тамақтанбай, ауызды қалай ашса, солай бекіту керек. Бірінші кезекте сумен, құрмамен ауыз ашуға кеңес беремін. Сосын бірден тамақтанбай, ағзаның бейімделуі үшін 15 минут не шыдасаңыз, бір сағат күту керек", дейді нутрицолог Нұрай Бақыт.