Жаңа жүйе 13 пен 17 жас аралығындағы оқушыларды автоматты түрде танып, оларға қауіпсіз әрі оқуға ыңғайлы режимді ұсынады, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Жобаның басты мақсаты – баланың орнына үй тапсырмасын орындап беру емес, оның сабақты өздігінен түсінуіне көмектесу. Егер оқушы дайын жауапты көшіріп алғысы келсе, нейрожелі мұны бірден байқап, оған тапсырманы қадам-қадаммен өзі шешуге бағыт беретін сұрақтар қоя бастайды.
Сонымен қатар жаңа форматта сабақты тез ұғуға арналған визуалды түсіндірмелер, білімді тексеретін қысқаша тесттер және арнайы «Оқу режимі» бар. Ал ата-аналар мен оқушылар «Оқу уақыты» функциясы арқылы белгілі бір сағаттарда бұл режимді автоматты түрде қосып қоя алады. Бұл баланың уақытты тиімді пайдаланып, дұрыс оқу әдетін қалыптастыруына көмектеседі.
Компания өкілдерінің айтуынша, жаңа жүйеде ата-ана бақылауы мен қауіпсіздік талаптары барынша күшейтілген. Негізгі міндет – жасөспірімдердің сыни ойлауын дамытып, жасанды интеллектті сабақтан тыс уақытта пайдалы әрі қауіпсіз құрал ретінде қолдануды үйрету.