Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров 25 ақпанға қараған түні Қазақстанға оралды. Астана әуежайында оны жанкүйерлері, әріптестері мен жақындары қарсы алды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Әуежайда алтын жүлдегерге үш бөлмелі пәтердің сертификаты табысталды. Бұл жолы сыйлықты Қазақстанның мәнерлеп сырғанау одағы табыстады.
"Үйге оралдым. Осынша кеш уақытта қарсы алуға келген баршаңызға үлкен рақмет. Маған шынымен өте қатты ұнады. Олимпиада ойындарында елімнің туы ең биік, ең құрметті орында желбіреген сәтте кеудемді мақтаныш кернеді. Маған қаншама жылы сөз айтылды. Қолдау білдіргендеріңізгк және осындай керемет сыйлықтар үшін баршаңызға алғыс айтамын. Шынымды айтсам, сөзім жетпейді – қолдауларыңыз үшін орасан зор рақмет. Бұл мен үшін алға қарай өсіп, еліміздің абыройын асқақтатуға үлкен жігер береді. Баршаңызға рақмет", - деді ол.
Сондай-ақ, сертификаттар мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкинаға, спортшының жеке жаттықтырушысы Алексей Урмановқа және ұлттық құраманың бас бапкері Асем Қасеноваға табысталды.
Чемпионды Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен Ұлттық олимпиада басшысы Геннадий Головкин жеке қарсы алды.
Айта кетейік, бұл Михаил Шайдоровтың жеңісі үшін алған алғашқы пәтері емес. Бұған дейін елордалық Ulytau Group құрылыс компанияларының бірі чемпионға Астанадан үш бөлмелі пәтер сыйлаған болатын. Сонымен қатар, "АК Алтыналмас" АҚ спортшыға Алматыдан екі бөлмелі пәтер табыстайтынын мәлімдеді.
Сондай-ақ бірнеше танымал қазақстандық чемпионға автокөлік сыйлауға уәде берді. Олардың қатарында Димаш Құдайберген де бар.