Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында сөз сөйледі, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы:
«Еліміздің ең жоғары консультативтік мекемесі – Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясының ашылуы баршаңызға құтты болсын!
Бүгін еліміз үшін аса маңызды күн, шын мәнінде тарихи оқиға деп айтуға толық негіз бар. Қазақстан Халық Кеңесі мемлекетіміздің саяси жүйесінде айрықша орын алатын, конституциялық мәртебесі бар бірегей институт болатынына күмәнім жоқ.
Қазір Қазақстан ауқымды өзгерістер кезеңін бастан өткеруде. Қоғамымыздың барлық саласында түбегейлі реформалар іске асырылуда. Алайда реформалар мен өзгерістер осымен өз мәресіне жетті деп мүлдем айтуға болмайды. Бұл жұмыс міндетті түрде жалғасады.
Біз билік жүйесін заман талабына сай жаңғырту ісін қолға алдық. Елімізде Халық Кеңесінің құрылуы соның бір айқын дәлелі екені анық».
Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы Алматы үшін де маңызды қоғамдық-саяси өзгеріс. Елдегі ең ірі мегаполистердің бірі ретінде Алматыда тұрғындарды толғандыратын әлеуметтік, инфрақұрылымдық, экономикалық және мәдени мәселелер көп. Жаңа институт осы секілді мәселелерді жалпыұлттық диалог алаңына шығарып, алматылықтардың ұсыныс-пікірін мемлекеттік деңгейде талқылауға мүмкіндік беретін қосымша тетікке айналуы мүмкін.