Абай университетінде «Қайым Мұхамедханов – 110 жыл: Ұлт руханияты, ғылым және абайтану мәселелері» атты халықаралық симпозиум өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Симпозиум аясында «Қайым Мұхамедханов атындағыабайтану дәрісханасының» тұсауы салтанатты түрде кесіліп, қатарынан бірнеше кітаптың таныстырылымы болды. Республикалық деңгейдегі бұл жолғы алқалы жиын ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті ғалым, абайтанушы, текстолог Қайым Мұхамедхановтың ғылыми мұрасын жаңаша пайымдауға арналды.
Дәрісхананың тұсауын Академиялық қызмет жөніндегі проректор Бану Нарбекова, Филология факультетінің деканы Алуа Таңжарықова, профессор Фаузия Шамсияқызы және әдебиеттанушы Балтабай Әбдіғазин кесті. Симпозиумға Қайым Мұхамедхановтың ұлы Дегдар Қайымұлы мен қызы Дина Қайымқызы да арнайы қатысып, әке мұрасына көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдірді.
Академиялық қызмет жөніндегі проректоры Бану Нарбекова өз сөзінде Қайым Мұхамедхановтың бар ғұмырын алаштану мен абайтануға арнағанын атап өтті. «Қуғын-сүргінге ұшыраса да тағдыр сынына мойымаған тұлғаның елге адал қызметі бүгінгі ұрпаққа үлгі» деді ол. Сонымен қатар, Қайым Мұхамедханов атындағыабайтану дәрісханасының ашылуы әдебиеттанушылар мен педагогтарды даярлайтын қара шаңырақ үшін тарихи мұра және Абай құндылықтарын дәріптеуге берік негіз болатынын жеткізді.
Симпозиумда құттықтау сөз сөйлеген М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, академик Кенжехан Матыжанов Қайым Мұхамедхановтың ғылыми батылдығы мен абайтанудағы ерекше еңбегіне тоқталды.
– Қайым Мұхамедхановтың жетекшілігімен 30-дан аса диссертация қорғалды. Бүгінде Абай шәкірттері мен ізбасарлары мектептер мен жоғары оқу орындарында оқытылып келеді. Бұл – қазақ әдебиетіндегі бірегей ғылыми мектеп, ұлт мақтанышы. Осындай жанкешті еңбегі үшін ол 1951 жылы саяси қуғын-сүргінге ұшырап, 25 жылға бас бостандығынан айырылды. Соған қарамастан, ғұмыр бойы Абай сөзінің түпнұсқасын сақтаумен айналысты, текстологиялық талдау жасап, ғылыми түсініктемелер жазды. Бүгінгі жастар еркін заманда өмір сүріп жатыр. Конституцияның ең басты құндылығы – адамның еркіндігі. Ал осы еркіндікті Қайым Мұхамедханов сынды тұлғалар ғұмыр бойы армандады. Сіздер бақыттысыздар, – деді академик.
Сонымен қатар жиында Шәкәрімуниверситетінің ректоры Думан Рымғалиұлы жәнеТүркия Республикасы консулдығының білім жөніндегі атташесі, профессор Шүкір Көше құттықтап сөз сөйледі. Олар да Қайым Мұхамедхановтың еңбегін жоғары бағалап, симпозиум жұмысы мен абайтануға арналған дәрісхананың ашылуы қазақ ғылымы мен мәдениеті үшін тарихи қадам екенін айтты.
Халықаралық симпозиум офлайн және онлайн форматта өтіп, онда баяндама жасаған белгілі ғалымдар қазіргі абайтану ғылымы мен Қ.Мұхамедхановты байланыстыра тың идеяларын ортаға салды. Шара барысында Қайым Мұхамедхановтың еңбектері мен ғалымға арналған бірнеше ғылыми басылымның тұсауы кесілді. Кітаптарды Қайым Мұхамедханұлы атындағы Білім және мәдениет орталығының директоры, ғалымның қызы Дина Қайымқызы университет қорына сыйға тартты.