Қазақстанның бірнеше өңірінде ақпанның соңғы күнінде дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды Aqshamnews.kz тілшісі.
Қазгидромет мәліметінше, Жетісу облысының шығысы, орталығы және таулы аудандарында қар жауады. Түнде кей жерлерде қалың қар түсіп, тұман, көктайғақ және жаяу бұрқасын күтіледі. Солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні 15-20 м/с-қа жетеді.
Жамбыл облысының таулы аймақтарында да қар жауып, түнде қалың қар түсуі мүмкін. Жаяу бұрқасын, тұман және көктайғақ болжанып отыр. Желдің жылдамдығы 15-20 м/с. Тараз қаласында да тұман түсіп, көктайғақ қалыптасады.
Абай облысының солтүстігінде күндіз аздап қар жауып, жаяу бұрқасын болады. Түнде және таңертең өңірдің оңтүстігінде тұман күтіледі. Аягөз ауданында жел екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетуі ықтимал.
Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде аздап қар жауып, бұрқасын соғады. Түнде және таңертең тұман түседі. Облыстың солтүстігінде ауа температурасы түнде -41 градусқа дейін төмендейді.
Қызылорда облысында көктайғақ күтіледі. Солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні 15-20 м/с. Қызылорда қаласында да көктайғақ болады.
Батыс Қазақстан облысының батысы мен оңтүстігінде тұман түседі.
Қарағанды облысының солтүстік-шығысында түнгі ауа температурасы -35 градусқа дейін төмендейді.
Түркістан облысының батысы, оңтүстігі және таулы аудандарында түнде жауын-шашын жауады. Тұман, көктайғақ және жаяу бұрқасын күтіледі. Желдің екпіні 15-20 м/с. Шымкент пен Түркістан қалаларында түнде жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын түсіп, тұман болады.
Маңғыстау облысының батысы мен орталығында күндіз көктайғақ күтіледі, түнде және таңертең тұман түседі. Желдің екпіні 15-20 м/с. Ақтауда күннің екінші жартысында көктайғақ болып, жел 15-18 м/с-қа дейін күшейеді.
Қостанай облысының батысы мен оңтүстігінде қар жауып, жаяу бұрқасын жүреді. Оңтүстігі мен шығысында тұман болжанады.
Алматы облысының оңтүстігі мен таулы аудандарында түнде қар жауады. Кей жерлерде тұман түсіп, көктайғақ пен жаяу бұрқасын болады. Желдің екпіні 15-20 м/с, кей тұста 25 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Алматы қаласында түнде қар жауып, тұман мен көктайғақ қалыптасады. Қонаевта да түнде және таңертең қар жауып, тұман түседі.
Синоптиктер тұрғындарға жол қозғалысында сақ болуды, алыс сапарды шектеуді және ауа райы болжамын жіті қадағалауды ұсынады.