Студенттермен өткен диалог барысында жаңа Конституция жобасына қолдау білдірілді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Қазақ ұлттық техникалық университеті базасында «BIR TOLQYNDA» диалог алаңы аясында кездесу өтті. Іс-шараны «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы» жалпыұлттық коалициясы ұйымдастырды. Кездесуге жоғары оқу орнының студенттері қатысып, жаңа Конституция жобасы бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Мәжіліс депутаты, Экология және табиғатты пайдалану комитетінің мүшесі Сергей Пономарев ұсынылып отырған мемлекеттік басқару моделі туралы баяндады. Оның айтуынша, жобаға сәйкес вице-президент лауазымын енгізу қарастырылған. Вице-президентті Мемлекет басшысы тағайындайды және ол халықаралық ынтымақтастық пен сыртқы саясат мәселелерімен айналысады.
Жобаның негізгі бағыттарының бірі — парламент реформасы. Мәжіліс пен Сенат біртұтас 145 депутаттан тұратын «Құрылтай» атты органға біріктіріліп, бірпалаталы жүйеге көшу ұсынылады. Бастамаға сәйкес, оған кемінде 25 жасқа толған, Қазақстан аумағында соңғы он жыл тұрақты тұрған азаматтар сайлана алады. Депутаттарды партиялық тізім бойынша сайлау көзделіп отыр.
Кездесу барысында тіл мәселесі де талқыланды. Жобаға сәйкес, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі қазақ тілімен «қатар» қолданылатыны туралы норма бекітіледі. Спикерлердің пікірінше, бұл еліміздің көпұлтты сипатын көрсетеді.
Бірнеше шақырылымның Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова білім беру тақырыбына тоқталып, орта білімнің «тегіндігі» туралы нақты тұжырымның болмауы оның жойылуын білдірмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, білім беру жүйесі салық түсімдері есебінен қаржыландырылады, бұл өз кезегінде көрсетілетін қызмет сапасына қоғамдық бақылауды қажет етеді.
Кездесу ашық диалог форматында өтті: студенттер сұрақтар қойып, ұсынылған өзгерістердің ықтимал салдарын талқылады. Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар жаңа Конституция жобасына қолдау білдіріп, жастарды ақпараттандыруда мұндай пікірталас алаңдарының маңыздылығын атап өтті.