Қазақстанда 2023 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан «Бір ауыл – бір өнім» жобасы шағын өндірушілерге ойластырған дүниесін бизнеске айналдырып, жаңа нарыққа шығып, өндірісті кеңейтуге мүмкіндік беріп келе жатыр, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Жобаның қалай өзгеріп жатқаны, кәсіпкерлерге қандай мүмкіндік беретіні мен Алматыда қандай табысты жобалар пайда болғаны туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында айтылды.
Кәсіпкерлер палатасының шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту бөлімінің басшысы Жанар Ибрагимованың айтуынша, жобаны «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы ҚР Ұлттық экономика министрлігі мен Жапонияның халықаралық ынтымақтастық агенттігі (JICA) қолдауымен қолға алыпты.
Жобаның басты мақсаты – жергілікті шикізаттан жасалған қызықты өнімдерді анықтап, олардың авторына өнімді жетілдіруге, қаптамасы мен брендін жақсартуға, кейін оны нарыққа шығаруға көмектесу. Жобаға тамақ өндірісі мен қолөнер секілді екі бағыт бойынша қатысуға болады. Олардың қатарында киізден, ағаштан, былғары мен металдан жасалған бұйымдар, жергілікті шикізаттан өндірілетін өнімдер – шөп шайы, нан-тоқаш өнімі, жеміс-жидек өнімі мен өңірлік ерекшелігі бар басқа да тауарлар бар.
Жобаға кәсіпкерлермен қатар өнімді қолмен жасайтын, табиғи жергілікті шикізатты пайдаланатын, ойластырып жүрген өзіндік идеясы мен танымал ерекшелігі бар өнім ұсына алатын жеке тұлғалар да қатыса алады.
«Қатысатындардың көбіне жоба өсу жолындағы алғашқы маңызды қадамға айналады. Алдымен олар бізге тегін кеңес алуға келеді, кейін көрмеге қатысады, жұмыс тобының іріктеуінен өтеді, өз жобасын Бренд-комитет алдында қорғайды. Одан кейін грант алу, өндірісті кеңейту, жаңа жұмыс орындарын құру мен жаңа нарыққа шығуға мүмкіндік алады», – деді спикер.
Жобаға қатысу тегін. Кәсіпкерлерге өнімді ілгерілету, қаптама мен брендинг мәселесі бойынша көмек көрсетіледі, өндіріс технологиясы оқытылады, сарапшылармен, мемлекеттік органдар өкілдерімен семинар өткізіледі. Оның ішінде рұқсат құжатын рәсімдеу мәселесі де қамтылады.
Қатысушылардың өнімдері тек көрмелер мен жәрмеңкелерде қалып қоймауына ерекше көңіл бөлінеді. Кәсіпкерлер палатасы олар үшін жаңа сату алаңдарын іздеп, сауда желілерімен, жанармай құю станцияларымен және қонақүйлермен келіссөздер жүргізеді. Бүгінде жобаға қатысушылардың кейбір өнімдері шетелдік туристер жиі баратын Nomad Bazaar алаңында ұсынылған. Ал 2025 жылы жоба өнімдері Marwin сауда желісінің дүкендерінің бірінде сатыла бастады.
Жанар Ибрагимованың айтуынша, жобаның міндеті – бірнеше финалисті таңдап қана қоймай, Алматының танымал брендтерін қалыптастыру екен.
«Біз жыл сайын жаңа есімді танытамыз. Әр қатысушының өз тарихы, өз өнімі мен өз даму жолы бар. Біз байқаумен шектелмей, кәсіпкердің дүкен сөрелеріне шығып, серіктес тауып, өндіріс көлемін арттырып, болашақта экспортқа шығып, дамуға бет алғанын қалаймыз», – деп атап өтті ол.
Өткен жылғы финалистің бірі – «Дымоварь» сауда маркасының өкілі Алена Ахтямова. Ол 2024 жылы өндірісті үйде отырып бастаған. Қазір кәсіпкердің жеке өндіріс орны, екі цехы мен сауда нүктесі бар. Өнімдері демалыс күндері өтетін қалалық жәрмеңкеде де сатылады. Өндіріс көлеміне қарай кәсіпкер оннан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Бизнестің дамуына, соның ішінде, 5 млн теңге көлеміндегі қайтарымсыз грант ықпал етіпті.
Өткен жылғы тағы бір финалист Гүлмира Махпирходжаева алма сірке суы мен жеміс чипсін өндіруден бастаған. Мемлекеттік қолдаудың арқасында ол қуаттырақ жабдық сатып алып, өндіріс көлемін арттырып, өнімнің жаңа түрін іске қосты.
Биыл жобаға жаңа қатысушылар да қосылды. Іріктеу қорытындысы бойынша 10 финалист анықталды. Ендігі кезеңде олар қайтарымсыз грант алу байқауына қатысады. Ұйымдастырушылар келесі жылы жобалардың бір бөлігі өндіріс көлемін кеңейтіп, сатылымын арттырып, жаңа жұмыс орындарын құру арқылы алғашқы елеулі нәтижелерін көрсетеді деп күтеді.
Финалистердің бірі – өзіміздің алмаларды өңдеумен айналысатын Qazaq Apple брендін дамытып отырған кәсіпкер Павел Шерстнев.
«Шағын өндіруші үшін ең үлкен мәселенің бірі – тек сапалы өнім жасау емес. Одан да қиыны – сатып алушыға жету, сауда желілеріне кіру, жаңа брендке деген сенім қалыптастыру мен оның құндылығын түсіндіру. ОСОП сияқты жобалар шағын ғана сату аясынан шығып, өз өніміңізге нарық тұрғысынан қарауға мүмкіндік береді», – деді Павел Шерстнев.
Тағы бір финалист – «Оркен» жобасын дамытып отырған кәсіпкер Гүлгерім Жұмабекова. Компания қазақтың этностиліндегі ағаш пазлдар жасап, ұлттық мәдениетті замандық тұрғыда танытуға басымдық береді. Кәсіпкердің айтуынша, жобаға қатысу өз бизнесіне жаңаша көзқараспен қарауға, нарықты жақсырақ түсінп, дамудың жаңа бағыттарын көруге көмектескен. Олардың қатарында онлайн-сату, туристік сегмент, сондай-ақ мәдени және білім беру ұйымдарымен ынтымақтастық та бар.
«Жергілікті бренд міндетті түрде үлкен өндірістен басталмауы керек. Егер оның артында идеясы мен тарихы болса, ол шағын шеберхана мен бір өнімнен де өсе алады. ОСОП жобасы шағын өндірісті тұрақты бизнеске қалай айналдыруға болатынын түсінуге көмектесті», – деді Гүлгерім Жұмабекова.
Қатысушылардың пікірінше, Алматыдағы шағын бизнес үшін өсудің негізгі мүмкіндіктерінің бірі – заманауи дизайнды, сапалы орындау мен жергілікті тарихты танытатын ерекшелікті үйлестіретін өнімдер жасау. Кәсіпкерлер палатасының пікірінше, дәл осы тәсіл жергілікті брендтердің ішкі нарықта ғана емес, одан тыс жерлерде де өз орнын табуына мүмкіндік береді.
Жанар Ибрагимова жас кәсіпкерлерді алғашқы қадам жасауға қорықпай, Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасына кеңес алуға шақырды.
«Егер идеяңыз бен дамуға деген ниетіңіз болса, бастауға қорықпау керек. Бізге кеңес алуға келіңіз, қолдау көрсетеміз, бағыт-бағдар береміз, қазір қандай қолдау құралдары қолжетімді екенін түсіндіреміз», – дейді ол.