Жаңа кеңістік бір ай бойы М. Тынышпаев атындағы ALT University-дің жаңартылған №1 студенттер үйінің базасында жұмыс істейді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматыда қаланың барлық жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған дағдарыс орталығы ашылды. . Орталық қиын өмірлік жағдайға тап болған жастарға уақытша тұруға және кешенді қолдау алуға мүмкіндік береді.
Орталықтың басты ерекшелігі – көмек тек ALT University студенттеріне ғана көрсетілмейді. Алматыдағы кез келген жоғары оқу орнының студенттері түрлі өмірлік жағдайларға байланысты уақытша тұратын жері болмаған жағдайда немесе әлеуметтік, психологиялық не консультациялық қолдауды қажет еткен кезде орталыққа жүгіне алады. Осы мақсатта Студенттер үйінен 50 орын бөлінген.
Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы басшысының орынбасары Мирас Нысаналиевтің айтуынша, дағдарыс орталығы студент жастарды қолдаудың қолданыстағы жүйесін кеңейтіп, жастардың тек тұрмыстық емес, әлеуметтік мәселелеріне де жедел ден қоюға мүмкіндік береді.
«Алматы – еліміздегі ең ірі студенттік орталық. Сондықтан білім алуға келген жас қандай да бір қиын жағдайға тап болған кезде жалғыз қалмайтынын сезінуі біз үшін аса маңызды. Студенттер уақытша баспанасынан айырылудан бастап, психологиялық немесе әлеуметтік көмекке мұқтаж болуға дейін түрлі жағдайларға тап болуы мүмкін. Дағдарыс орталығы студент қай жоғары оқу орнында білім алатынына қарамастан, қолдау сұрап жүгіне алатын орынға айналуы тиіс. Біздің міндетіміз – тек уақытша баспанамен қамтамасыз ету емес, жасқа қиын кезеңнен өтуге көмектесіп, оқуына және қалыпты өміріне қайта оралуына жағдай жасау», – деді Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы басшысының орынбасары Мирас Нысаналиев.
Орталық Мауленов көшесі, 108А мекенжайында күрделі жөндеуден кейін ашылды. Жатақхананың жалпы сыйымдылығы – 487 орын, ғимараттың ауданы – 7 мың шаршы метрден астам.
Қайта жаңғыртудан кейін мұнда заманауи студенттік орта қалыптастырылды: тұрғын бөлмелер, асүйлер мен тұрмыстық бөлмелер, өздігінен білім алуға арналған кеңістіктер, демалыс бөлмелері, кір жуатын орын, спорттық аймақ және тренажер залы жабдықталған.
Дағдарыс орталығында тұратын студенттер үшін оқу және тұрмыстық аймақтары бар жеке тұрғын бөлмелер, асүй модульдері және санитарлық-гигиеналық бөлмелер қарастырылған. Сондай-ақ олар спорт залы мен қажет болған жағдайда алғашқы медициналық көмек көрсетілетін медициналық пунктті пайдалана алады. Тұру кезеңінде жастар психологиялық, әлеуметтік және консультациялық қолдау ала алады. Орталық жұмысының маңызды қағидаттарының бірі – әрбір өтініштің құпиялылығын сақтау және студенттің жағдайына жеке көзқарас таныту.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Акерке Абылайханның айтуынша, мұндай жобалар студенттік инфрақұрылымды дамыту тұрғысынан ғана емес, білім алушыларды қолдаудың толыққанды жүйесін қалыптастыру үшін де маңызды.
«Заманауи білім беру ортасы – бұл тек аудиториялар, білім беру бағдарламалары мен оқыту сапасы емес. Студенттің қандай жағдайда өмір сүретіні және қиын өмірлік жағдайға тап болған кезде қайда жүгіне алатынын білуі де маңызды. Әртүрлі жоғары оқу орындарының студенттеріне ашық дағдарыс орталығының құрылуы осындай қолдау жүйесін дамытудағы маңызды қадам. Мұнда жас уақытша баспана, консультациялық, әлеуметтік және психологиялық көмек ала алады. Ең бастысы – білім алуын тыныш әрі қауіпсіз жағдайда жалғастыруға мүмкіндік алады», – деді Акерке Абылайхан.
Қалалық дағдарыс орталығы қиын өмірлік жағдайға тап болған Алматы студенттеріне жедел көмек көрсетудің қосымша тетігін қалыптастыруға бағытталған. Жоба бірден бірнеше бағытты қамтиды: уақытша баспана, әлеуметтік бейімдеу, психологиялық қолдау және қауіпсіз әрі жайлы жағдайда білім алуды жалғастыру мүмкіндігі.
Дағдарыс орталығының байланыс телефондары:
+7 700 255 14 43
+7 700 950 95 28
+7 727 237 01 70