Алматы қаласы Наурызбай ауданындағы №221 жалпы білім беретін мектеп базасында "Заң мен тәртіп – қауіпсіз балалық шақ кепілі" республикалық жобасы аясында қалалық практикалық семинар өтті.
Аталған бастама Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бастамасымен, 2026 жылды заңдылық пен өскелең ұрпақтың қауіпсіздігіне арнау шеңберінде жүзеге асырылуда, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Жобаның негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың құқықтарын қорғау және жол қозғалысы кезінде қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру. Семинар тәжірибелік бағытта ұйымдастырылды. Оқушылар жолды қауіпсіз кесіп өту, жол жағдайын дұрыс бағалау, жол белгілерін ажырату және модельденген қауіпті жағдайларда дұрыс әрекет ету дағдыларын пысықтады. Іс-шара барысында жеке жауапкершілік сезімін қалыптастыруға, сондай-ақ жолда ойланбай жасалған әрекеттердің салдарын түсіндіруге ерекше назар аударылды. Шараға полиция қызметкерлерімен қатар прокуратура органдарының өкілдері, жол қозғалысы қауіпсіздігі саласының мамандары, педагогтер мен ата-аналар қатысты. Алматы қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Әділғожа Құсайыновтың айтуынша, баланың қауіпсіздігі білім мен тәртіптен басталады.
- Біздің міндетіміз – ережелерді жай ғана еске салу емес, балалардың қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын жүйелі түрде қалыптастыру. Егер бала жолдағы қауіп-қатерді ерте жастан дұрыс бағалауды үйренсе, оның өмірі мен денсаулығын сақтау мүмкіндігі артады. Жоба аясындағы жұмыс қаланың барлық білім беру ұйымдарында жалғасады, – деді ол.
Жоба жүйелі сипатқа ие. Алдағы уақытта ол Алматы қаласының мектептері мен мектепке дейінгі ұйымдарында тұрақты түрде жүзеге асырылатын болады.