Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысымен бекітілген 2030 жылға дейінгі жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру тұжырымдамасын іске асыру аясында жұмыстар кезең-кезеңімен әрі жүйелі түрде жүргізілуде.
Тұжырымдаманы іске асыру шеңберінде қалада мамандандырылған сыныптар мен әскери-патриоттық клубтар желісі белсенді дамып келеді. Бүгінде Алматы қаласының 8 ауданында 7–9-сынып оқушыларына арналған 28 «Жас Сарбаз» сыныбы жұмыс істеп, 768 оқушыны қамтып отыр. Алматы қалалық Полиция департаментімен бірлесіп, 5–7-сынып оқушыларына арналған 15 «Жас Сақшы» сыныбы ашылды. Сонымен қатар мектептер мен колледждер базасында 800-ден астам білім алушыны қамтитын 22 әскери-патриоттық клуб қызмет атқарады.
«Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» пәнін оқытудың сапасын арттыру мақсатында қалада осы бағыт бойынша 224 педагог еңбек етуде. Бұл аталған пәннің мазмұндық және әдістемелік тұрғыдан тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді.
Жастарды әскери-патриоттық іс-шараларға тартуға ерекше көңіл бөлінуде. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қала мектептері мен колледждерін қамтыған 90-нан астам түрлі іс-шара ұйымдастырылды. Олардың қатарында әскери жиындар, спартакиадалар, олимпиадалар, конкурстар, патриоттық фестивальдер, сондай-ақ «Айбын», «Қалқан», «Сардар», «Мерген-Ару», «Сарбаз» және өзге де жарыстар бар.
Алматы қаласының оқушылары республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Атап айтқанда, қаланың құрама командасы әскери эстафетада 1-орын иеленіп, Қорғаныс министрінің кубогын жеңіп алды. Сонымен қатар бірқатар ірі спартакиада мен халықаралық әскери-патриоттық сайыста жүлделі орынға ие болды.
2025 жылы білім беру ұйымдарында әскери тактиканың негіздерін тәжірибелік тұрғыда меңгеруге бағытталған «Геотактика» бағдарламасы пилоттық режимде енгізілді. Бұдан бөлек, «Ер борышы – ел қорғау» тақырыбымен ұйымдастырылған ашық есік күндері аясында 20 мыңнан астам білім алушы әскери бөлімдерге, жоғары әскери оқу орындарына және әскери кафедраларға барып, әскери қызметтің ерекшеліктерімен танысты.
Жүзеге асырылып жатқан шаралар жастардың бойында отансүйгіштік рухты қалыптастыруға, әскери қызметке деген құрметті арттыруға және Отанды қорғауға жауапкершілікпен қарау мәдениетін нығайтуға ықпал етіп келеді.
Алматыда жастардың әскери-патриоттық тәрбиесі жүйелі түрде нығайып келеді
Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысымен бекітілген 2030 жылға дейінгі жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру тұжырымдамасын іске асыру аясында жұмыстар кезең-кезеңімен әрі...