Өңірлік коммуникациялар қызметінде қалалық медициналық-әлеуметтік түзету наркологиялық орталығының психиатр-дәрігері, нарколог Құмарбек Қожекенов осылай деді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Оның айтуынша, осы зиянды әдеттен зардап шеккен адамдардың нақты саны ресми статистикадағы көрсеткіштен әлдеқайда көп болуы да мүмкін екен.
«3546 адам есепте тұр қазір. Бірақ жұмысқа орналасып, жүргізуші куәлігін алар кезде қиындық болуы мүмкін деген қауіппен көмекке жүгінбейтін азаматтар да аз емес. Сондықтан алкогольге тәуелді адамдардың нақты саны ресми көрсеткіштен бірнеше есе көп болуы да ықтимал», – дейді спикер.
Пациенттер емдеуге үш жолмен: өз еркімен, туыстарының талап етуімен немесе құқық қорғау органының жолдамасы арқылы келеді. Бірақ көшеде мас болып жүргендерді мәжбүрлеп емдеуге жіберуге ешкімнің қақы жоқ.
Орталықтың мәліметіне қарағанда, есепте тұрғандардың басым бөлігі 20 мен 60 жас аралығындағы орта және егде жастағы азаматтар екен. Жастардың арасында ішімдікке салынып кеткендердің саны едәуір аз болып шықты.
«25 жасқа дейінгілердің арасында ішімдікке тәуелді болып есепте тұрғандар саны 20 адамнан сәл ғана асады. Жастардың арасында психотроптық заттар мен есірткіге тәуелді болғандар көбіректеу», – дейді Құмарбек Қожекенов.
Спикердің айтуынша, медициналық көмекке кеш жүгіну ең жиі ұшырасатын мәселе. Тәуелді адамдардың көбі өзінің ауру екенін мойындамайды, олар туған-туысы күштегеннен кейін ғана еріксіз мамандарға келіп қаралады екен.
Ішкілікке салынғандардың санын азайтуы үшін алдын алу мен ақпараттық-түсіндіру жұмысын күшейту қажеттігін айтады мамандар. Әсіресе мектепке, колледжге, жоғары оқу орны мен еңбек ұжымына көбірек көңіл бөлу керек.
«Ішкіліктен өз еркімен бас тарта алмайтынын түсінсе, ондай адам тездетіп мамандардың көмегіне жүгінуі керек. Туыстары да өзі қояды деп жүре бермей, дер кезінде көмек сұрағаны жөн», – деп қорытындылады нарколог.