Алматыда балалардың реконструктивтік-пластикалық хирургиясы бойынша алғашқы халықаралық шебер сабағы аясында ауыр күйік пен жарақат салдарынан зардап шеккен жеті балаға ота жасалды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері айтты.
11–13 маусым аралығында Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының дәрігерлері Ресейден келген мамандармен бірлесіп тыртық, деформация және қозғалыс шектеуі бар кішкентай науқастарға күрделі оталар жүргізді. Ең кіші науқастың жасы – 3-те, ал ең үлкені – 17 жаста.
Әр баланың тағдыры әртүрлі. Бір бала жол-көлік оқиғасы кезінде автокөліктің қатты қызған шығару құбырына қысылып қалып, ауыр күйік алған. Екінші науқас ерте жаста қайнаған суға күйіп қалған болса, тағы бір қыз бала алақанымен отқа құлап, арада бірнеше жыл өткен соң күйік жарақатының салдарымен бетпе-бет келген.
Жарақаттар жазылғаннан кейін балаларды емдеудің келесі маңызды кезеңі – буындардың қозғалысын қалпына келтіруге, қолдың қызметін жақсартуға және зақымданған аймақтардың сыртқы келбетін түзетуге мүмкіндік беретін реконструктивтік-пластикалық оталар болды.
Шебер сабағын өткізу үшін Алматыға Ярославль қаласынан жоғары санатты дәрігер, реконструктивтік микрохирург, қол хирургиясының маманы әрі балалар травматологиясы және ортопедиясы бөлімшесінің меңгерушісі Тимур Торно келді.
Іс-шара «Мейірімділік» ерікті қоғамы қайырымдылық қорының қолдауымен ұйымдастырылды.
Жалпы мамандар туа біткен патологиялары, күйік салдары және жарақаттан кейінгі деформациялары бар шамамен 18 баланы тексерді. Оның ішінде жеті балаға ота жасалды.
Дәрігерлер тыртықтық контрактураларды жою, ірі буындардың қозғалыс көлемін қалпына келтіру, қол мен аяқ басының деформацияларын түзету жұмыстарын жүргізді.
Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының күйік бөлімшесінің меңгерушісі, балалар хирургы, травматолог-ортопед және комбустиолог Раджа Жұмаділдаевтың айтуынша, заманауи реконструктивтік технологиялар мұндай науқастардың өмір сүру сапасын едәуір жақсартуға мүмкіндік береді.
«Күйік бөлімшесі реанимация қызметімен бірлесіп тәулік бойы күйік алған балаларға шұғыл көмек көрсетеді. Негізгі ем аяқталғаннан кейін ұзақ оңалту кезеңі басталады. Жоспарлы түрде емдеудің екінші және үшінші кезеңдеріне жататын реконструктивтік-пластикалық оталар жасаймыз. Жыл сайын 230-дан астам осындай ота жүргізіледі», – деді маман.
Қазіргі уақытта ота жасалған барлық баланың жағдайы қанағаттанарлық деп бағалануда. Науқастар қажетті отадан кейінгі ем қабылдап жатыр және ауруханадан шығарылуға дайындалуда. Алда оларды оңалту курсы мен мамандардың тұрақты бақылауы күтіп тұр.
Өткізілген шебер сабағы Алматыдағы осы бағыттағы алғашқы жоба болды және қазақстандық дәрігерлерге күйік салдарынан зардап шеккен балаларды емдеудің жаңа тәсілдерін меңгеруге мүмкіндік берді. Оқытуға Алматы, Шымкент және Атырау қалаларынан келген онға жуық маман қатысты.
Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы өкілдерінің мәліметінше, реконструктивтік-пластикалық хирургияны дамыту Қазақстанның әр өңіріндегі балаларға жоғары технологиялық медициналық көмекті шетелге жібермей-ақ көрсетуге мүмкіндік береді.