Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов Қалалық кардиологиялық орталыққа барып, жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстарының нәтижелерімен танысты және жөндеуден кейін жаңартылған кардиология бөлімшесінің ашылуына қатысты, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Қалалық кардиологиялық орталық жүрек-қан тамырлары аурулары бар пациенттерге мамандандырылған медициналық көмек көрсететін қаланың жетекші медициналық ұйымдарының бірі болып табылады. Орталық ғимараттары өткен ғасырдың әр кезеңінде салынғандықтан, инфрақұрылымды жаңарту мекеменің дамуының маңызды кезеңіне айналды.
2025 жылдан бастап Орталықта үй-жайларды кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде кардиология бөлімшелері, кардиохирургия бөлімшесі, операциялық блок пен рентгеноперациялық бөлмелер жаңартылды. Қазіргі уақытта кардиореабилитация бөлімшесінде жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Жөндеуден кейін ашылған бөлімше пациенттерді диагностикалау мен бақылауға арналған заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда электрокардиография, эхокардиография, ЭКГ мен артериялық қысымды тәуліктік мониторингілеу, жүктемелік сынақтар және басқа да зерттеулер жүргізіледі.
«Қаладағы медициналық ұйымдарды кезең-кезеңімен жаңғырту ең алдымен медициналық көмектің сапасын арттыруға және пациенттер үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Қалалық кардиологиялық орталықты жаңарту – осы жұмыстың маңызды бөлігі», – деп атап өтті Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов.
Қалалық кардиологиялық орталық отандық кардиологияның үздік дәстүрлерін сақтай отырып, медициналық көмекті көрсетудің заманауи стандарттарын енгізу және инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруда.