Биыл айнадағыдай қайталанатын, есте оңай сақталатын даталар көп. Соңғы жылдары көпшілік өміріндегі маңызды сәттерді дәл осындай «әдемі» күндерге белгілеуге әуес. Алайда сәнге еріп, жауапты шешімдерді тек көзге көркем көрінетін сандарға сүйеніп қабылдау қаншалықты дұрыс?
Қазақстандық нумеролог, астролог әрі психолог Айсулу Ахимова соңғы уақытта, әсіресе жас жұбайлардың некеге тұру күнін символикалық даталарға жоспарлауға ұмтылысы артқанын айтады. Бірақ құжатта әдемі сан болғаны әрдайым дұрыс таңдау дегенді білдірмейді. Көп жағдайда адамдар сандар комбинациясының болашақ өміріне қалай әсер ететінін ескере бермейді.
Мәселен, 22.02, 02.02, 11.11 немесе 26.06.2026 секілді күндер «сиқырлы», «махаббатты күшейтетін», «сәттілікке кепіл» деген түсінікпен қабылданады. Алайда маман мұндай көзқараспен әрдайым келісе бермейді. Оның айтуынша, айнадағыдай қайталанатын даталар өздігінен бақыт сыйламайды, олар тек өз бойындағы энергияны күшейтеді. Ал ол энергияның қандай екеніне көпшілік мән бере бермейді.
Айнадағыдай қайталанатын датаның астарындағы энергия
Нумерология тұрғысынан алғанда, 22.02.2026 күні ерекше назар аудартады. Бұл күнде екі санының шамадан тыс көптігі бірден көзге түседі. Екі саны сезімталдықты, тартымдылықты, ойлау жылдамдығын білдіргенімен, тым көп болған жағдайда тәуелділік, ішкі қақтығыс, шешім қабылдай алмау, тіпті агрессия мен өзін-өзі күйрету жағдайларын да арттыра түседі.
Маманның айтуынша, екілер көбейген сайын энергия үйлесімін жоғалтып, тұрақсыз әрі жарылғыш сипатқа ие болады. Пифагор квадраты бойынша толық есептелгенде, 2026 жылдың 22 ақпаны алты екімен ерекшеленіп, адамның ішкі және эмоционалдық тұрақсыздығын күшейтеді.
Астрологиялық фактор да маңызды
Әдемі датаны таңдағанда астрологиялық ахуалды да ескеру маңызды. Мысалы, 2026 жылғы 22 ақпан күн тұтылу мерзіміне сәйкес келеді. Бұл кезеңде тағдырлы шешімдер қабылдап, жаңа жобалар бастаудың қажеті жоқ. Себебі иллюзияға берілу, асығыс шешім қабылдау, күтпеген бұрылыстар қаупі жоғары болады. Оқиғалар бастапқы жоспардан мүлде бөлек бағытта өрбуі мүмкін.
Айсулу Ахимованың айтуынша, психология тұрғысынан бұл – адамдардың саналы таңдауы емес, мазасыздық пен сыртқы қысымның ықпалына еріп әрекет ететін уақыты.
Тағы бір мысал: 26.06.2026
2026 жылғы 26 маусым да болашақ жас жұбайлар арасында сұранысқа ие дата болары сөзсіз. Жазғы, «жайлы» күн ретінде қабылданатын бұл датаның нумерология тұрғысынан отбасылық қарым-қатынасқа ықпалы нашар. Психоматрицада екі мен алты санының шамадан тыс көп екені көрініп тұр.
Көп мөлшердегі екілік – қызбалықты, эмоциялық тұрақсыздықты, импульсивті мінезді, опасыздық қаупін күшейтсе, алтылардың қайталануы сезімге сараңдық пен есепшілдікті білдіреді. Мұндай одақтарда серіктестер махаббатты есеппен өлшеп, бір-біріне көп талап қойып, эмоциялық тұрғыдан аз энергия береді.
Сонымен қатар бұл датада интуицияға, серіктесін терең сезінуге, жағдайды жан-жақты қабылдауға жауап беретін энергия жетіспейді. Қарама-қарсы ойлау, қатаң ұстаным, «не бар, не жоқ» қағидасы басым болады. Икемділік, төзім, қабылдау секілді қасиеттер әлсіз.
Өмірілк тәжірибеде мұндай күндерде құрылған некелер көбіне алғашқы баладан кейін немесе жүктілік кезеңінде сынаққа тап болып, ажырасумен аяқталатын жағдайлар да кездеседі. Сондықтан бұл дата жас отбасылардан гөрі, өмірлік тәжірибесі бар, 40 жастан асқан адамдардың одағы немесе іскерлік серіктестіктер үшін қолайлырақ.
Маманның пікірінше, некелескен күн – жай ғана құжаттағы әдемі сан емес. Ол – қарым-қатынастың ырғағын, шиеленісін, дағдарысты қалай өткеретінін белгілейтін нүкте. Айнадағыдай қайталанатын даталар жұптағы бар нәрсені күшейтеді, ал кедергіні түземей, керісінше еселей түседі.
Айсулу Ахимованың қорытындысы мынадай: мәселе мұндай датаның өзінде емес, оны соқыр сеніммен таңдауда. Ең маңыздысы – нақты жұпқа арналған жеке есеп, серіктестердің жеке сандары, жылдың және айдың астрологиялық фоны, сондай-ақ некеге психологиялық дайындық. Кейде күнтізбедегі ең «қарапайым» күн ең берік отбасының іргетасын қалауы да мүмкін.
Датаны өз бетіңізше қалай таңдауға болады?
Егер нумеролог немесе астрологқа жүгінуге мүмкіндік болмаса, бірнеше негізгі қағиданы ескеру қажет. Үйлену, көшу, бизнес ашу немесе ірі жобаны бастау үшін жеке жыл кезеңінің оң және өрлеу үстінде болғаны маңызды. Сонымен қатар планеталардың орналасуы мен ретроградты кезеңдерді де назардан тыс қалдырмау керек.
2026 жылы бірнеше планетаның кері қозғалысы күтіледі. Мұндай уақыттарда асығыс шешім қабылдамай, бұрын басталған істерді аяқтауға, қайта ой елегінен өткізуге басымдық берген жөн. Себебі бұл кезеңдер тұлғалық қарым-қатынасқа айтарлықтай әсер етеді.