Дәл сағат 20:00-де Алматыда, еліміздің барлық өңіріндегідей, Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттарын сайлау бойынша дауыс беру аяқталды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Еске салайық, сайлау жаңа Конституция нормаларына сәйкес өтті.
Алматы Құрылтай сайлауында жоғары азаматтық белсенділік көрсетті. Сағат 20:00-дегі мәлімет бойынша қаладағы сайлаушылардың қатысу көрсеткіші 43%-дан асып, 570 мыңнан астам алматылық болды. Салыстырсақ, Алматыда 2007 жылғы парламент сайлауында сайлаушылардың 25,03%-ы дауыс берсе, 2012 жылы бұл көрсеткіш 41,37%, 2016 жылы 34,1%, 2021 жылы 29,28%, ал 2023 жылы 25,15% болған. Осылайша, биылғы көрсеткіш Алматыдағы парламент сайлауларына қатысу деңгейі бойынша кейінгі 20 жылдан астам уақыттағы ең жоғары нәтиже болып отыр.

Таңсәріден бері мегаполистегі сайлау учаскелерінде тұрғындардың белсенділігі жоғары. Алматылықтар сайлауға отбасымен, достарымен, әріптестерімен және көршілерімен бірге келіп жатыр.

Алматыда сағат 07:00-де 670 сайлау учаскесі ашылды. Бұдан бөлек, азаматтар уақытша болатын жерлерде орналасқан 11 арнайы сайлау учаскесі бір сағат бұрын жұмысын бастады.

Алматы бойынша сайлаушылар тізіміне 1,329 миллионнан астам тұрғын енгізілген.

Барлық сайлау учаскесінде дауыс беру Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаудан басталды

Учаскелер ашылғаннан кейін алғашқы сағаттың өзінде көптеген сайлау учаскеcіне сайлаушылар тұрақты түрде келіп жатты.

Түске дейін Құрылтай депутаттарын сайлауда мемлекеттік органдардың басшылары, депутаттар, қоғам қайраткерлері, мәдениет, ғылым және спорт саласының өкілдері дауыс берді.

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды №159 мектепте орналасқан сайлау учаскесіне барып, Құрылтай сайлауында дауыс берді.

«Біз Құрылтайдың алғашқы сайлауына қатысып, тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Еліміз саяси тарихтың жаңа кезеңіне қадам басты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сайлау алдындағы үндеуінде атап өткендей, еліміздің болашағы әрқайсымыздың саналы таңдауымызға байланысты. Қазақстанның ертеңі әр азаматтың жауапкершілігі мен бастамашылдығына байланысты», – деді қала әкімі.

Дауыс беруге алғашқылардың бірі болып қатысқандардың қатарында Алматы мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиев те болды. Ол өзі тіркелген сайлау учаскесіне барып, азаматтардың қала мен елдің қоғамдық өміріне белсенді араласуының маңызын атап өтті.

Алматылық бойжеткен үшін 23 тамыз қос бірдей себепке байланысты ерекше күн болды. Туған күнінде 18 жасқа толған ол алғаш рет сайлауға қатысып, таңдау жасай алды.
Дәстүр бойынша сайлауға алғаш рет қатысып отырған жастарға сайлау учаскелерінде естелік сыйлықтар табысталды.

Сонымен қатар, сайлау күні Алматыдағы сайлау учаскелерінің бірінде сайлаушыларға сыйлық ретінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы табысталды.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылы Осман таңертеңнен бастап азаматтық белсенділігін көрсетті. Ол №64 сайлау учаскесіне алғашқылардың бірі болып келіп, дауыс берді.
Қоғам қайраткері сайлауға қатысуды әр азаматтың маңызды міндеті деп санайтынын айтып, алматылықтарды ел үшін маңызды шарадан шет қалмай, таңдау жасауға шақырды.

– Мұндай маңызды оқиға күн сайын бола бермейді. Сондықтан мен үшін оған қатысу маңызды, – деді Асылы Осман.

Қаладағы еңбек ұжымдары да сайлауға белсенді қатысып жатыр. Күні бойы кәсіпорындардың, коммуналдық қызметтердің, көлік саласының және басқа да ұйымдардың қызметкерлері сайлау учаскелеріне ұйымдасқан түрде келіп, дауыс беруде.

Әсіресе, отбасымен бірге сайлауға келген тұрғындардың оқиғасы ерекше әсер қалдырды. Медеу ауданындағы №412 сайлау учаскесіне 69 жастағы Есенбек Өктешбаев 90 жастағы анасы Айымкүл Әниятовамен бірге келіп, дауыс берді. Олар үшін сайлауға бірге қатысу – азаматтық ұстанымын білдірумен қатар, ел болашағына деген жауапкершіліктің ұрпақтан ұрпаққа жалғасатынын көрсететін ерекше сәт болды.

Осындай ұрпақ сабақтастығын басқа отбасылар да көрсетіп жатыр. Бүгін дауыс бергендердің қатарында «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының жеңімпазы Дүйсебаевтар отбасы да бар.
Төрт буын ұстазды біріктірген педагогтер әулеті сайлау учаскесіне түгелге жуық жиналып келді. Өмірін бала тәрбиесі мен білім беруге арнаған отбасы үшін сайлауға қатысу – келешек ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің жалғасы

Қала тұрғындары арасында ардагерлердің сайлауға қатысуы ерекше құрметке ие болды. Жетісу ауданында 100 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Илья Кудин сайлау учаскесіне өзі келіп, дауыс берді.

Ал 103 жастағы соғыс ардагері Зұлхарнай Сейітов үйінде дауыс берді. Ол дауыс беру құқығын пайдалануды маңызды деп санап, сайлауға қатысуға ниет білдірді. Осыған байланысты сайлау комиссиясының мүшелері ардагердің үйіне барып, дауыс беруіне жағдай жасады.

Күні бойы мәдениет, өнер, ғылым және қоғам саласына еңбегі сіңген танымал тұлғалар да таңдау жасады. Олардың қатарында Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы Өмірбек Жұбаниязов, жазушы Кәдірбек Сегізбай, ақын Сауле Досжан, актриса Лидия Кәденова, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Гүлжамал Қазақбаева, әншілер Мақсат Базарбаев, Бақыт Шадаева, Өктем Алтаев және тағы басқа белгілі азаматтар бар.

– Құрылтай – елдің болашағына қатысты маңызды мәселелер талқыланатын үлкен алаң. Сондықтан әр азамат таңдауына жауапкершілікпен қарап, елдің келешегіне бей-жай қарамауы керек, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Айжан Нұрмағамбетова.

Қазақстанның халық артисі Бибігүл Төлегенова да азаматтық ұстанымын білдірді. Қазақ өнерінің аңыз тұлғасы үйінде дауыс берді. Осы мақсатта учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері оның үйіне барып, дауыс беру рәсімін тұрғылықты жерінде ұйымдастырды.
Бибігүл Ахметқызы қанша жасқа келсе де, елдің қоғамдық өміріне бей-жай қарамайды. Ол Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысып, таңдау жасады.

Мегаполистің спортшылары да сайлауға белсенді қатысты. 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоров, бокстан әлемнің үш дүркін чемпионы Назым Қызайбай, Олимпиада жүлдегерлері Ислам Сәтбаев, Александра Ле, Ғұсман Қырғызбаев пен Нариман Құрбанов, гимнаст Милад Карими, каратэші Дидар Әмірәлі, таэквондошы Айдана Құмартаева, сондай-ақ қысқы спорт түрлерінің өкілдері Данил Васильев пен Илья Мизерных те таңдау жасады.

— Мен үшін сайлауға қатысу — ұстанымды білдіріп, ел болашағына үлес қосу мүмкіндігі. Әр азамат таңдаудың маңызды екенін түсінуі керек. Бүгін сайлау учаскесіне келіп, азаматтық борышымды орындадым, — деді Назым Қызайбай.

Сонымен қатар көптеген сайлау учаскесінде дауыс беру үдерісі мәдени және спорттық бағдарламалармен қатар өтіп жатыр.
Көптеген сайлау учаскесінде тұрғындар үшін футбол, волейбол, шахмат, тоғызқұмалақ, асық ату және басқа да спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Балалар мен жастар арасында спорттық сайыстар мен отбасылық эстафеталар өтті.

Дауыс беру учаскелеріндегі шығармашылық атмосфераны әншілер мен өнерпаздардың концерттері мен өнер көрсетуі одан әрі жандандыра түсті. Қаланың әр ауданында сайлаушылар үшін музыкалық нөмірлер, шығармашылық бағдарламалар мен өнерпаздармен кездесулер ұйымдастырылған.

Сайлау күні Алматының барлық ауданындағы дауыс беру орындарының маңында ұйымдастырылған мектеп жәрмеңкелері де тұрғындар көп жиналған орындардың біріне айналды. Көптеген алматылық дауыс беруге келіп, жаңа оқу жылына қажетті керек-жарақ сатып алды. Күні бойы жәрмеңкелерде кеңсе тауарлары, мектепке қажетті құрал-жабдықтар, сөмкелер және оқу жылына керек басқа да заттар сатылды.

Мектеп жәрмеңкелерімен қатар азық-түлік жәрмеңкелері де ұйымдастырылды. Мұнда тұрғындар жаңа піскен нан-тоқаш, көкөніс, жеміс-жидек және жергілікті өндірушілердің өнімдерін сатып алды. Бұл тұрғындарға дауыс бергеннен кейін үйге қажетті азық-түлікті бір жерден алып кетуге мүмкіндік берді. Жәрмеңкелерде қала тұрғындары сауда жасап қана қоймай, бір-бірімен кездесіп, әңгімелесіп, уақыт өткізді.

Жәрмеңке алаңдары да жұмысын жалғастыруда. Бірқатар сайлау учаскесінің маңында мектеп және азық-түлік жәрмеңкелері ұйымдастырылған.

Қала тұрғындары жаңа піскен көкөніс пен жеміс-жидек, нан-тоқаш өнімдерін, жергілікті өндірушілердің тауарларын, сондай-ақ жаңа оқу жылына қажетті мектеп құралдарын сатып алды. Кейбір сайлау учаскелерінде балалар шығармашылығының көрмелері мен түрлі тақырыптық алаңдар жұмыс істеді. Тұрғындар оқушылардың жұмысын тамашалап, интерактивті іс-шараларға қатысып, отбасымен бірге уақыт өткізе алды. Сайлау учаскелерінде алматылықтарды ерекше кейіпкерлер де қарсы алды. Солардың бірі қаланың танымал символдарының біріне айналған қар барысы.
Сондай-ақ, сайлау учаскелерінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының бойтұмары Тазабекті де кездестіруге болды. Оның бейнесі жауапкершілік әр адамның өзінен басталатынын еске салды. Бұл қаланы таза ұстауға ғана емес, қоғам өміріне белсенді араласып, ортақ іске үлес қосуға да қатысты.
Сондай-ақ қала тұрғындарының назарын Лионель Месси мен Криштиану Роналдудың бойымен бірдей көлемдегі фигуралары, Темірбек роботы және өзге де креативті кейіпкерлер аударды. Олар мерекелік көңіл күй қалыптастырып, көпшіліктің естелік суреттеріне арқау болды.
Фотоаймақтар Алматыдағы сайлау учаскелеріндегі тағы бір танымал алаңға айналды. Қала тұрғындары отбасымен, достарымен және әріптестерімен бірге суретке түсіп, бұл күннің ерекше атмосферасын естелікке сақтауға асықты. Әсіресе, ұлттық нақышта безендірілген тақырыптық орындар мен түрлі ерекше кейіпкерлер қатысқан алаңдар көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Олар көпшіліктің естелік суреттеріне арқау болды.
Дауыс беруге жастар да белсенді қатысты. Жас алматылықтар бұл күнге шығармашылық тұрғыдан қарап, сайлау учаскелеріне баруды жарқын әрі есте қаларлық оқиғаға айналдырды. Көпшілігі ерекше образдармен келіп, тақырыптық акциялар мен флешмобтарға қатысып, әлеуметтік желілерде суреті мен әсерін белсенді бөлісті.
Қала тұрғындарының назарын Алматының жас эко-рейнджерлері де аударды. 20-дан астам қатысушы дауыс беруге велосипедпен келіп, экологиялық таза өмір салтын ұстанатынын көрсетті. Бұл ерекше акция жастардың қоғамдық белсенділікті экологиялық құндылықты насихаттаумен ұштастырып жүргеніне айқын мысал болды.
Дауыс беріп болған соң олар қала көшелерін велосипедпен аралады.
Дауыс беру күні сәйкестікпен де есте қалды. Алматыда Құрылтай есімді небәрі екі адамның бар екені анықталды. Олар Құрылтай Мансұров пен Құрылтай Сәткенбаев. Екеуі де бүгін дауыс беріп, бұл күннің маңызын атады.
Денсаулығына байланысты немесе басқа да себептермен сайлау учаскесіне келе алмаған азаматтар үшін үйден дауыс беру ұйымдастырылды. Алматыда үйден дауыс беруге қатысты екі мыңнан астам өтініш түсіп, учаскелік комиссия мүшелері азаматтардың мекенжайына барып, дауыс беруді ұйымдастырды.
Сайлау учаскелерінде қолжетімді орта қалыптастыруға да ерекше көңіл бөлінді. Олар пандустармен, тактильді көрсеткіштермен және ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін қажетті басқа да құралдармен жабдықталған.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін дауыс беру күні инватакси қызметі де ұйымдастырылып, сайлау учаскесіне барып-қайту тегін қамтамасыз етілді. Бұл мүмкіндікті пайдаланғандардың қатарында Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Богдан Джепка да болды.
Алматыда дауыс беру күні белсенді әрі ұйымшылдықпен өтті. Күні бойы сайлау учаскелеріне қала тұрғындары тоқтаусыз келді. Мұнда жасалған жағдай әр азаматқа өзінің сайлау құқығын еркін жүзеге асыруға мүмкіндік берді.
Алматыда өткен Құрылтай депутаттарының сайлауы қала тұрғындарының азаматтық белсенділігі мен қоғамдық өмірге жоғары деңгейде атсалысып отырғанын көрсеткен маңызды қоғамдық-саяси оқиғаға айналды.