AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • Басты бет
  • Құрылтай
  • Барлығы
    • Ресми бөлім
    • Спорт
    • Керек кеңес
    • Медицина
    • Білім және ғылым
    • Заң мен тəртіп
    • Оқиға
    • Не? Қайда? Қашан?
    • Эксклюзив
    • Алматы көшелері
    • Жолдау
    • Келешек мектептері
    • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес
  • Жаңа Конституция
Қазақ Qazaq قازاق Русский
Қазақ Qazaq قازاق Русский
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • 🏠 Басты бет
  • Құрылтай
  • Барлығы
    • • Ресми бөлім
    • • Спорт
    • • Керек кеңес
    • • Медицина
    • • Білім және ғылым
    • • Заң мен тəртіп
    • • Оқиға
    • • Не? Қайда? Қашан?
    • • Эксклюзив
    • • Алматы көшелері
    • • Жолдау
    • • Келешек мектептері
    • • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес
  • Жаңа Конституция
  • 📰 Газет архиві

Біз әлеуметтік желілерде:

💱 Валюта бағамы:

Басты бет / Мәдени Алматы / Ұлттық орталық музейде кино корифейлеріне арналған...

Ұлттық орталық музейде кино корифейлеріне арналған көрме ашылды

Мәдени Алматы Бүгін 09:41 43
Ұлттық орталық музейде кино корифейлеріне арналған көрме ашылды
Қайрат Қонысбаев

Алматыдағы Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейінде қазақ кәсіби театр және кино өнерінің қалыптасуына айрықша үлес қосқан Серке (Серәлі) Қожамқұловтың 130 жылдығына, қазақ операсы, театр және кино өнерінің көрнекті өкілі Кәукен Кенжетаевтың 110 жылдығына арналған көрме ашылды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.

Көрменің ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінің ғалым хатшысы Ерсін Жайнақов сөз сөйлеп, қазақ өнерінің көрнекті өкілдерінің шығармашылық мұрасын насихаттаудың маңыздылығын, сондай-ақ осындай мәдени іс-шаралардың өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесіне, олардың ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттыруға қосар үлесі ерекше екенін атап өтті.

«Кино өнерінің саңлақтары» деп айдар қойылған мерейтойлық көрме қос тұлғаның өмір жолын үндестіріп, XX ғасырдағы қазақ өнерінің қалыптасуы мен өркендеуінің маңызды кезеңдерін қамтып, ұлттық театр мен операдан бастап, кәсіби кинокеңістіктің дамуына дейінгі шығармашылық сабақтастықты көрсетуге тырысқан.

Мәдени кештің мінберінен сөз алған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Айдос Бектемір Серке Қожамқұлов пен Кәукен Кенжетаевтің өнердегі шығармашылық бейнелері туралы айтып, жылы естелігін бөлісті.

«Біз Серағаның, Кәукен ағаның көзін көрген, олардың өнерін тамашалап, тәнті болған ұрпақпыз. Серке Қожамқұлов актерлық оқу бітірмеген, бірақ таланты тас жарған, халықтың ішінен шыққан, дала театрының көрнекті өкілі. Кәукен Кенжетаевты да баршаңыз жақсы білесіздер. Мәскеуден бітіріп келген кәсіби әнші. Мен ол кісінің Абай атындағы опера және балет театрында әйгілі Бекежанды ойнаған рөлін көргенмін. Баритон, қоңыр дауысы ғажап болатын. Қазақ барда, халық барда – актер бар. Ел барда, ел аманда актер де өлмейді. Міне, бүгінгі кеш те соның айқын дәлелі», – деді белгілі театр және кино актері Айдос Бектемір.

Иә, Серке Қожамқұлов – театр сахнасы мен «Амангелді», «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Ақан сері – Ақтоқты», «Еңлік – Кебек» «Абай әні», «Алдар көсе», «Біздің сүйікті дәрігер» сынды фильмдерде актерлік шеберлігін айқын көрсеткен актер. Сан қырлы сахналық бейнелері мен кинодағы жарқын рөлдері арқылы халықтың ыстық ықыласына бөленіп, қазақ актерлік өнерінің дамуына өлшеусіз еңбек сіңірді. Оның шығармашылық мұрасы ұлттық театр мен кино тарихының алтын қорынан ерекше орын алған.

Ал Кәукен Кенжетаев көпшілікке «Біздің сүйікті дәрігер», «Ән қанатында», «Қыз-Жібек», «Тұлпардың ізімен», «ГауҺартас» фильмдерімен танымал. Ол опера әншісі, театр және кино актері, режиссер, драматург әрі ұстаз ретінде ұлттық өнердің өркендеуіне елеулі еңбек сіңірді. Оның да мол шығармашылық мұрасы кейінгі ұрпақ үшін құнды рухани қазына болып қала бермек.

Көрменің ашылу салтанатына қос тұлғаның ұрпақтары да қатысты. Серке Қожамқұловтың аяулы қыздары – Мәрия мен Салиха апайлар әкелерін Хадиша аналарының қалай қадір тұтқаны, балаларының алдында әрдайым әке беделін барынша биіктетіп отырғаны және отбасындағы жылылық туралы тебірене әңгімеледі.

«Әкеміз театр сахнасында 200-ден астам рөл ойнап, 25 фильмге түскен. Біз әкеміздің есімімен әрқашан мақтанып жүреміз. Үстел басында бізге үнемі: «Қайда жүрсеңдер де, қандай жұмыс істесеңдер де, біздің әулетке ұят келтірмеңдер, абыройлы болыңдар» деп отырушы еді. Біз сол үдеден шығуға тырыстық. Әкеміздің театрдағы рөлінің сәтті шыққанын, спектакльге көңілі толып келгенін бірден біле қоятынбыз. Себебі, есіктен кіріп келе жатып: «Ал, театрдың серкесі, Хадишаның еркесі келді, кәне, шәйіңді қойып жібер, өзіміз отырып бір шәй ішейік» деуші еді жадырай күліп. Әкелерімізді ұлықтап, құрметтеп жатқан Ұлттық музей ұжымына алғысымыз шексіз», – деді Серке Қожамқұловтың кенжесі Салиха Серәліқызы.

Ал Кәукен Кенжетаевтің немересі – Әсел Кенжетаева атасының кезінде өзімен үзеңгілес болған өнер майталмандарының басынан өткен қызықты жайттарды, әзіл-қалжыңдарды түртіп жүретін дағдысы болғанын, сол езутартар қысқа оқиғалардың, атасына құрметі ретінде, басын қосып «Кәукен кафе» деген атаумен шағын кітап басып шығарғанын айтты. Кітапты музей қорына сыйға тартты.

Қос таланттың құрметіне ұйымдастырылған көрменің басты ерекшелігі – екі тұлғаның өмірі мен өнеріне қатысты мұралардың музей қорындағы түпнұсқа жәдігерлер арқылы көрсетілуі. Көрермен өнер майталмандарының жеке заттарымен, тарихи құжаттарымен, фотосуреттерімен және олардың өміріне тікелей қатысты өзге де материалдармен таныса алады. Тіпті, Кәукен Кенжетаевтің қолының табы қалған қоңыр домбырасы да көрме төрінен орын алған.

Бұл жәдігерлер қазақ театр және кино өнерінің қалыптасу тарихын тереңірек танып, ұлт мәдениетінің дамуына үлес қосқан тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын жаңа қырынан зерделеуге мүмкіндік берері сөзсіз.

Нұржамал ӘЛІШ

Телеграм арнаға жазылыңыз
#Көрме
Бөлісу:
Жүктелуде...

Соңғы жаңалықтар

Алматыда «Дала дәмі» республикалық акциясы аясында демалыс күнгі жәрмеңкелер өтеді

Бүгін 10:34

Қазақстан Дүниежүзілік банктің металдар мен минералдар секторын дамыту жөніндегі жаһандық бастамасына қосылды

Бүгін 10:15

«Алматы Су» қала тұрғындарын су және кәріз қызметі үшін төлемді кешіктірмеуге шақырды

Бүгін 09:46

Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен кездесті

Кеше 19:45

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін іске қосу рәсіміне қатысты

Кеше 19:15
Telegram
Жазылыңыз
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті

"Alatau Aqparat" медиахолдингі

Сілтемелер

  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Жарнама
  • Жазылу
  • Газет архиві

Байланыс

  • Республика Казахстан. 050022, г. Алматы, Адрес: ул. Шевченко, 106 а
  • +77272930803
Copyright 2026, "Alatau Aqparat" медиахолдингі
Яндекс.Метрика
// SMI24 виджет setTimeout(function() { if (typeof Smi24 !== 'undefined') { Smi24.init('[data-smi-widget-id="130"]'); } }, 1500);