Тау кластеріне қатысты бірнеше экологиялық миф жоққа шығарылды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Almaty Super Ski жобасын қоғамдық талқылау барысында қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан пікір білдірді. Ол жоба аясындағы алып-қашпа сөздерге тоқталып, олардың негізсіз екенін айтты.
- Бұл жоба алғаш рет 2013 жылы талқыланған болатын. Өкінішке қарай, осы уақыт ішінде біз тауларымызды ретке келтіруге, абаттандыруға кіріскен жоқпыз. Ал бұл әрекетсіздік неге әкеп соқтырды? Біріншіден, адам өлімі тіркелді, жарақат алу, қоқыстың үйіліп қалуы жиіледі, тау соқпақтары тапталып, ағаш тамырлары ашылып қалды, – деді ол.
Оның айтуынша, таулы аймаққа тұрғын үй кешені салынады деген қауесет қоғамда жиі талқыланды. Бірақ «Іле-Алатау» ұлттық паркінің иелігінде қалады және ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесін сақтайды. Сондықтан заң жүзінде ол жерге ешкімнің тұрғын үй кешенін салуға ешқандай құқығы жоқ.
- Тағы бір мәселе – «бәрін ұрлап-талап кетеді» деген сияқты сөздер айтылуда. Мен экономист ретінде айтайын, бұл ақша несие негізінде бөлінеді. Демек, міндетті түрде қайтарылады. Келесі миф – ол жақта «қар аз болады» деген уәж. Біздің таулардан 1 шақырым төмен әрі оңтүстікке қарай орналасқан «Әмірсойда» бүкіл маусым бойы еш қиындықсыз шаңғы теуіп жатыр. Әзірбайжандағы «Шахдаг» кешені де дәл солай. Тіпті Сауд Арабиясының өзі аптап ыстық шөл далада тау-шаңғысы курорттарын салып жатыр. Бүгінгі техника мен заманауи технологиялар бұған толық мүмкіндік береді, – деді ол.
Экономист Мұхтар Тайжан Алматы тауларын дамытуға қатысты жобалар қала үшін маңызды екенін айтты. Оның сөзінше, таулы аймақтарда рекреациялық жүктеме артып, соның салдарынан соқпақтар тапталып, ағаштардың тамыры ашылып, қоқыс көбейген. Сонымен қатар адамдар жарақат алған жағдайда көмек көрсету қиын, себебі кей жерлерде медициналық пункттер мен қажетті инфрақұрылым жеткіліксіз.
Мұхтар Тайжан қоғамда жобаға қатысты бірнеше қате түсінік бар екенін атап өтті. Соның бірі – бұл аумақта тұрғын үй кешені салынады деген пікір. Тайжанның сөзінше, жер мемлекеттік меншікте қалып, ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесін сақтайды.
«Бұл жерде ешкім заң жүзінде тұрғын үй кешенін сала алмайды. Егер ондай жағдай болса, қоғам болып оған тосқауыл қоюға болады», – деді экономист.
Сондай-ақ ол жобаның экономикалық тиімділігіне тоқталды. Оның пікірінше, тау туризмін дамыту арқылы қалаға ауқатты туристерді тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және түскен табыс есебінен балаларға, көпбалалы отбасыларға, ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жеңілдіктер қарастыруға болады.
«Экономист ретінде айтарым, бұл қаражат қайтарымды. Ол несие негізінде бөлінеді. Егер инвестиция шамамен 1 млрд еуро болса, жоба 3-4, ең көп дегенде 5 жыл ішінде өзін ақтай алады», – деді ол.
Мұхтар Тайжан қар аз болады, көшкін қаупі жоғары, жасанды көл қалаға қауіп төндіреді деген уәждерге де жауап берді. Ол қазіргі технологиялар қар дайындауға, көшкін қаупін бақылауға және алдын алуға мүмкіндік беретінін айтты.
Ал жасанды су қоймасына қатысты Тайжан оның қала үшін қауіп төндірмейтінін айтты.
«Жобада 60-80 мың текше метр су туралы айтылып отыр. Бұл Үлкен Алматы көлінің көлемімен салыстырғанда 1 пайызға да жетпейді. Сондықтан оның қаладағы ауызсуға немесе сел қаупіне әсер етеді деу – тағы бір миф», – деді экономист.
Ол археологиялық және тарихи мұра мәселесі де назардан тыс қалмауы керек екенін алға тартты. Оның сөзінше, мұндай нысандарды мүмкіндігінше сақтау, ал қажет болған жағдайда музейлендіріп, туристер үшін тартымды орынға айналдыру қажет.
«Біз бұл жерді ешкімге беріп жатқан жоқпыз. Керісінше, ата-бабамыз сақтап кеткен жерді ұрпақ игілігі үшін тиімді пайдалануды көздеп отырмыз», – деді Мұхтар Тайжан.
Оның айтуынша, таулы аймақтарды жүйелі дамыту табиғатты қорғауға да, қала тұрғындарына жайлы әрі қауіпсіз демалыс жағдайын жасауға да мүмкіндік береді.