AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • Басты бет
  • Барлығы
    • Ресми бөлім
    • Спорт
    • Керек кеңес
    • Медицина
    • Білім және ғылым
    • Заң мен тəртіп
    • Оқиға
    • Не? Қайда? Қашан?
    • Эксклюзив
    • Алматы көшелері
    • Жолдау
    • Келешек мектептері
  • Жаңа Конституция
Қазақ Qazaq قازاق Русский
Қазақ Qazaq قازاق Русский
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • 🏠 Басты бет
  • Барлығы
    • • Ресми бөлім
    • • Спорт
    • • Керек кеңес
    • • Медицина
    • • Білім және ғылым
    • • Заң мен тəртіп
    • • Оқиға
    • • Не? Қайда? Қашан?
    • • Эксклюзив
    • • Алматы көшелері
    • • Жолдау
    • • Келешек мектептері
  • Жаңа Конституция
  • 📰 Газет архиві

Біз әлеуметтік желілерде:

💱 Валюта бағамы:

Басты бет / Мұны білген жөн / Тағдырын арқанға байлаған құрылыстағы альпинистер....

Тағдырын арқанға байлаған құрылыстағы альпинистер...

Мұны білген жөн Бүгін 20:36 73 Сұлу
Тағдырын арқанға байлаған құрылыстағы альпинистер...
depositphotos.com

Әлемдегі ең биік ғимарат – Дубайдағы 828 метрлік Бурдж-Халифа ғимаратының 24 мыңнан астам терезесін жуу үшін 36 альпинистің 3-4 ай уақыты кетеді екен. Жұмысты бітіре сала, өндірістік альпинистер қайтадан бірінші қабаттан бастап шыны терезелерді жууға көшеді. Бүгін біз осындай жанкешті кәсіп иелері – құрылыс альпинистеріне тақырып арнамақпыз. Бірақ  кейіпкерлеріміз алматылықтар. Толығырақ aqshamnews.kz тілшісі ұсынған материалда.

Қауіп-қатері басым мамандық

Өнеркәсіптік альпинизм – алып мегаполистер дамып, аспанмен таласқан ғимараттар бой көтергеннен кейін пайда болған мамандық, қауіп пен қатерге толы кәсіп. Таныс та, бейтаныс салада кәсібін дөңгелетіп отырған алматылық кәсіпкер мен құрылыстағы альпинистке хабарласып, тілдесіп көрдік.

Жақында Астанадағы Бәйтерек монументінің сыртқы бөлігін жуып жүрген өндірістік альпинистердің видеосы әлеуметтік желіде лезде тарады. Кадрда мамандар 97 метр биіктіктегі нысанның әйнектерін арқанға байланып, тазалап жатқанын көруге болады. Бұл таспаға түсіп қалған бір-ақ кадр. Әйтпесе, келбеті мен сәулеті келіскен Алматыдағы биік ғимараттардың қасбеттерінен құрылыстағы альпинистерді жиі көреміз. Құрылысы қарқынды жүріп жатқан Алматыдай қалада бұл салаға сұраныс жоғары екені айтпаса да түсінікті. Бірнеше қабаттан тұратын ғимараттардың қасбеттері мен терезелері шаң басып кірлесе, тұрғындардың өздігінен жуа алмайтыны белгілі. Сондай кезде өндірістік альпинистер көмекке келеді. Біреулер оларды жәй «терезе жуушылар» деп түсініп, кәсіптің байыбына жете алмай жатады.  Көпшілік мұндай жұмыстың өнеркәсіптік альпинизм деп аталатынын, тіпті, университетте мамандық ретінде оқытылатынын білмейді.

Істің көзін тапқан «Артель высотниковЪ» компаниясының директоры Сергей Чупин нарықта сұраныс жоғары, бірақ мықты альпинистер аз дейді.

Машақаты көп жұмысқа асқан жауапкершілікпен қарайтын Сергей шаһардағы кәсіптік альпинизмнің қыр-сырын бөлісті.

«Қалада өндірістік альпинизм  – жылдан-жылға сұранысы артып келе жатқан кәсіптердің бірі. Бұған ескі тұрғын үйлердің көптігі, жаңадан салынған ғимараттардағы кемшіліктер мен заманауи сәулет нысандарының күтімді қажет етуі әсер етті», – дейді ол.

         Кейіпкеріміздің сөзінше, тұрғындар көбіне үйінің қасбетін әрлетіп,  биік жерлерді жөндету үшін жүгінеді. Шынымен қапталған ғимараттарды жиі-жиі тазалап, жуу керек.

 «Альпинистердің жұмысы мұнымен шектелмейді, әрине. Олар биіктіктегі түрлі жұмыстарды атқарады. Қасбеттерді жөндейді, терезелерді тазартады, жарнамалық құрылымдарды орнатады, монтаждау және техникалық қызмет көрсету жұмыстарын жүргізеді. Қарапайым жұмысшылар істей алмайтын немесе арнайы техниканы қолдану тиімсіз болатын орындарда дәл осы мамандардың еңбегі қажет.  Алматыда өнеркәсіптік альпинистер тұрғын үйлерде, сауда орталықтарында, спорт кешендерінде, өндірістік нысандарда және жеке үйлерде жұмыс істейді. Қаладағы көз ілестірмес құрылыс қарқыны  мен биік ғимараттардың көбеюі кәсіби альпинистерге деген қажеттілікті арттырып отыр», – дейді Сергей Чупин.

«Романтика іздеудің керегі жоқ»

Альпинимзнің қай-қай түрін романтикаға толы, қызықты кәсіп дейтіндер көп. Алайда, өндірістік альпинизм – өте үлкен жауапкершілікті талап ететін ауыр еңбек. Мұнда жақсы табыс табу үшін жұмысты жылдам, сапалы әрі мінсіз орындау қажет.

Оның айтуынша, соңғы екі жылда Алматыда өнеркәсіптік альпинистерге қатысты  жазатайым оқиғалар туралы ақпарат тіркелмеген.

«Кейінгі кездері жастар өнеркәсіптегі альпинизмге көптеп келіп жатыр. Бірақ арнайы даярлығы жоқ адамдардың да келіп жатқаны жасырын емес. Қазір альпинистік жабдықтарға ұқсас құралдарды кез келген базардан сатып алуға болады, ал YouTube-та құрылыстағы альпинизмді үйрететін түрлі бейнесабақтар еркін қолжетімді. Кейбірі қысқа мерзімді бейнероликтерді көріп-ақ өздерін маман санап, биіктіктегі жұмыстарды атқаруға тырысады. Өнеркәсіптік альпинизм – тек құралды пайдалануды білу емес, қауіпсіздік техникасын жетік меңгеруді, арнайы дайындық пен тәжірибені талап етеді», – деді ол.

Жерден жүздеген метр биіктікке өрмелеп, тағдырын арқанға байлаған альпинистердің бірі Данияр Насыров мұндай жауапты жұмысқа көп адамның тәуекелі бара бермейді. Салаға көбіне экстримге қызығатын жандар келеді дейді.

Заңғар биіктен арқанмен жерге түсу біз үшін ерлікпен пара-пар болса, альпинистерге үйреншікті жұмыс.

Он үш жылдық тәжірибесі бар құрылыс альпинисі Даниярдың бұл салаға келуіне туған ағасы себепші болған. Ағасының биіктегі жұмысы туралы айтқан қызықты әңгімелерін мектепте оқып жүрген кезінде естіп өскен ол альпинист болатынын сол кезде-ақ шешіп қойыпты.

«2013 жылы оқуды бітіре сала ағамның қасына жұмысқа тұрдым. Содан бері бірде-бір рет кәсіп ауыстырмадым, тек өндірістік альпинизммен айналысып келемін. Ағамның себеп болуымен жолым осы арнаға бұрылды деуге де келеді», – дейді Данияр.

Даниярдың айтуынша, олардың әрбір жұмыс күні аса жоғары жауапкершіліктен басталады.

«Біз жұмысқа кіріспес бұрын ең алдымен арқандарды, бекіткіш темірлерімізді, төмен түсуге арналған құрылғылар мен барлық жабдықты мұқият тексереміз. Содан кейін ғана алда тұрған тапсырманың қиындығы мен жағдайын бағамдаймыз. Жұмыс біткен соң да дәл осылай құрал-саймандарды қайта қарап шығамыз. Биіктікте біздің өміріміз осы құралдарға тікелей байланысты», – деді құрылыс альпинисі.

Әрине, қатерге толы қызметте тәуекелмен қорқыныш та қатар жүреді. Кейіпкеріміз кез келген қауіптің алдын алу адамның өзіне байланысты екенін айтады. Нысанға келгенде арқанды қай жерге байлау керек, оны қалай бекітіп, қалай созып тарту қажет – мұның бәрін маман өзі шешеді.

«Хобби емес, кәсіп»

Данияр көпшілік арасында жиі кездесетін бір қате түсінік туралы да айта кетті. Көбіне адамдар қала ішіндегі құрылыс альпинизмі мен таудағы шыңға өрмелеуді бір нәрсе деп ойлайды екен.

«Табиғаттың аясында серуендегенге не жетсін, шіркін. Бірақ мен альпинизмді хобби деп емес, мамандық, табыстың көзі деп қабылдаймын. Екеуі екі бөлек дүние. Қолданатын құралдары да, қауіп деңгейі де екі түрлі, оқыту жүйесі де ұқсамайды. Иә, біздің Алматының асқар таулары жартасқа өрмелеп, шыңдарды бағындыруға сұранып тұр. Бірақ біздің кәсіп күш пен уақытты өте көп қажет етеді. Жылына бір-екі рет табиғат аясына шықсақ, соның өзіне қуанамыз. Қалған уақытта тек жұмыс. Десе де, бұл іш пыстырарлық кәсіп дей алмаймын, зәулім үйлердің төбесінде жүріп-ақ адреналин мен әдемілікті сезінуге болады», – дейді ол.

Альпинистің қызметіндегі ең сүйікті сәті – таңғы уақыт екен.

«Әсіресе, жаңбыр сіркіреп өткеннен кейін, таңғы сағат жеті-сегіздерде зәулім үйлердің шатырына, айталық, 23-қабатқа көтерілгенде,  Алматы мен Алатау дәл көз алдыңда тұрады. Оны айтып жеткізу қиын, өзің сезініп көруің керек.  Жұмыс бабымен басқа қалаларда да көп іссапарда болдым, бірақ біздің тауларға тең келері жоқ, ерекше әрі әсем», – деді кейіпкеріміз.

«Табыс мәселесіне келсек, бұл жұмыстың ақысы да төккен теріңе, еңбегіңе сай. Айына қанша табатынымды нақты айтпай-ақ қояйын, бірақ өз ісін білетін маман күніне кем дегенде отыз мың теңгеден жоғары табыс табады. Яғни  бір күндік нәпақаң отыз мыңнан кем болмайды».

Данияр өзінің тәжірибесіндегі ең қызықты әрі қиын сәттерді былай деп сипаттайды:

«Күнделікті жұмыс барысында өлім мен өмірдің арасында жүреміз. Мен үшін ең қиыны аяқты тірейтін ештеңе болмай, бос кеңістікте асылып тұратын кездер. Мысалы, ғимараттың шатыр жиегі қабырғадан бір метрден астам сыртқа шығып тұрады. Сол жерден арқанмен төмен түскенде, денең қабырғадан алшақтап кетеді де, аяғың ештеңеге жетпейді. Балконның астына кіріп жұмыс істеу керек болғанда немесе осындай ернеулерден өткенде жүрек соғысың жиілейді. Міне, ең қызықты әрі қауіпті тұсы осы. Өзің абай болма­саң, кез келген салада қауіп бар деп ойлаймын».

Биіктіктегі жұмыстың тағы бір күрделі тұсы – табиғаттың тосын  мінезі. Онда жүргенде аяқ астынан жел тұрып, соңы нөсер жаңбыр мен бұршаққа ұласып кететін кездер болады.  Құрылыстағы альпинистер биікке өрмелеместен бұрын ауа райының болжамын үнемі жіті бақылап отырады. Бұл кәсіпте қауіпсіздік мәселесіне келгенде ешқандай немқұрайлылыққа, еріншектікке жол берілмейді. Әрдайым арқандарды мұқият тексеріп, құрал-сайманды сайлап отыру қажет.

Қызық дерек

Өнеркәсіптік альпинизм – спорттан туған кәсіп. Бұл саланың алғашқы мамандары кәсіби альпинистер, үңгір зерттеушілері және құтқарушылар болған. Кейін олардың тәжірибесі құрылыс пен өнеркәсіпке енгізілді.

Әлемдегі ең алғашқы құрылыс альпинистерінің бірі – Петр Телушкин. Ол 1830 жылы Санкт-Петербургтегі Петропавл соборының шпиліне зақымданған крестті жөндеу үшін ондаған метр биіктікке арнайы техникасыз көтерілген.

Кеңес Одағында өндірістік альпинизм соғыс кезінде қолданылған. Ленинград қоршауы кезінде альпинистер қаланың алтын жалатылған күмбездері мен шпильдерін бүркеп, оларды жау авиациясы мен артиллериясына нысана болудан сақтаған. 

Гүлжанат СЕМБАЕВА

Телеграм арнаға жазылыңыз
#Альпинизм #құрылыс #сұхбат
Бөлісу:
Жүктелуде...

Соңғы жаңалықтар

Миллиондаған көрермен Алматыны Travel XP эфирінен көреді

Бүгін 17:28

2026 жылғы 11-20 маусым аралығындағы ресми теріске шығарулар жиынтығы

Бүгін 16:46

Алматылық семсерлесушілер Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды

Бүгін 16:03

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры 92-ші театр маусымының жабылуына шақырады

Бүгін 15:59

Қазақстанның барлық онкологиялық орталықтарында Бірыңғай ашық есік күні өтеді

Бүгін 14:27
Telegram
Жазылыңыз
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті

"Alatau Aqparat" медиахолдингі

Сілтемелер

  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Жарнама
  • Жазылу
  • Газет архиві

Байланыс

  • Республика Казахстан. 050022, г. Алматы, Адрес: ул. Шевченко, 106 а
  • +77272930803
Copyright 2026, "Alatau Aqparat" медиахолдингі
Яндекс.Метрика
// SMI24 виджет setTimeout(function() { if (typeof Smi24 !== 'undefined') { Smi24.init('[data-smi-widget-id="130"]'); } }, 1500);