(Ақын Тұманбай Молдағалиевтың естелігінен)
Жылдар өтіп жатты. Жазушылар Иса Байзақовтың елу жылдығын Жазушылар одағында атап өтті. Мұхаң сол жиналысқа келіп, сөз сөйледі.
– Иса суырыпсалма ақын еді. Бір күні ресторанда отырып, оған: «Қазір өлген кісінің жан дүниесін айтып, сол өлген кісі боп өлең айтшы», – дедім. Иса заулап жөнелді. Мен бейне қыранның көкке қанат сермегенін қызықтағандай, ақыннан көз алмай отырып қаппын, – деді Мұхаң.
Біз Мұхаңның өзінен көз алмай, аузымызды ашып отырып қаппыз.
***
Ілияс Жансүгіров ақталған соң, сол кісінің шығармашылығына арналған кеш өтті. Мұхаң бұл жолы да Ілияс туралы толғана сөйледі.
– 1928 жылы Ілияс екеуміз Жетісудың тауларын араладық. Екі айдай бірге жүрдік. Ілияс «Жетісу суреттерін» сонда жазды. Ол үлкен ақындығына қоса тамаша әнші еді. Ат үстінде келе жатып әнге басады. Ал мен керемет тыңдаушымын. Аузымды ашып тыңдаймын да отырамын, – деді Мұхаң, жүзі жадырап.
Мен іштей: «Тыңдаушының да кереметі болады екен-ау», – деп ойладым. Жиылыс төрінде Ілекеңнің жары Фатима Ғабитова жылап отырды.
***
Кейін Ілияс ағаның бір томдығына редактор болғанымда, Фатима апайдың ұзақ әңгімесін тыңдағаным бар.
– Мұхтар Ілиястың кешінен кейін маған келіп: «Сен Ілиясты жүрегіңнен шығара алмаған екенсің-ау. Біз сіздің жүрегіңізге кірдік деп бекер ойлаппыз», – деп өкпелеген, – деді Фатима апай.
– Тағдыр дегенін істеді. Мұхтардан туған Мұратым өсіп келеді. Мен Мұхтарды да өз қалауымша жақсы көргем. Соңғы операциясына барарда жұрт аэропортқа шығарып салуға тартқанда, ол машинасын бұрғызып, біздің аулаға кірді.
– Фатима, көрісеміз бе, көріспейміз бе, білмеймін. Азынаулақ дәурен кештік. Жолықпасақ, қош сау бол, – деді.
Мен бақшаны баптап жүрген едім.
– Сені алатын ажал жоқ, сау бол, – деп салқын қоштастым. Ол шарбақтың есігін өз қолымен жапты да, машинасына мінді. Мен байғұс оны соңғы рет көріп тұрмын деп ойласамшы, – деп ауыр күрсінді Фатима апай.
Содан кейін ол Мұхтар мен Ілиястың ниеттес, көңілдес дос болғанын айтты.
– Мұхтар орыс тіліне аса жетік еді ғой. Ілияс Пушкиннің «Евгений Онегинін» аударғанда, Мұхтармен көп ақылдасты. Обалы нешік, Мұхтар Ілиястан көмегін аяған жоқ, – деді.
***
1959 жылдың сәуір айы. «Абай жолы» эпопеясы Ленин сыйлығын алатын кез. Бұл мәселе Мәскеуде шешіліп қойылған болуы керек. Қазіргі бас пошта ғимаратының жанындағы КазГУ-дің үлкен аудиториясына әдебиетшілер жиналды. Мұхаң сөзге шықты. «Абай» эпопеясының жазылу тарихын, сол жолда кездескен қиындықтарды толғады.
– Абай – күн сияқты. Ол сендермен бірге жүре береді. Енді бес-он жылда Әуезов бұл дүниеде болмайды. Бірақ «Абай» романы қазақтың кітабы боп, өздеріңнің қолдарыңда қалады, – деді.
– Романның бірінші кітабының соңында Абай Семейге оқуға аттанып еді. Сол шынарды төртінші кітаптың соңында найзағай түсіріп құлаттым. Соны зерттеп жүрген сыншылардың бірде-бірі байқамағанына өкінем, – деді Мұхаң.
Көп өтпей Мұхаң Ленин сыйлығын алды. Жазушылар одағында жиналыс өтті. Жиналысты Әбділда Тәжібаев басқарды. Жазушы:
– Ендігі сыйлықты ақындардан Әбділда, Тайыр алғаны жөн. Осы жолы ұсынылып өтпей қалғанмен, келешекте бұл сыйлықты Жұбан мен Тахауи алса, қуанам, – деді.
***
1957 жылдың 28, 29 қыркүйегі. Мұхаңа үкімет Ленин орденін берді. «Қазақ әдебиеті» газеті Әуезовке түгел бір нөмірін арнады. Жазушылар одағында салтанатты кеш өтті. Сәбит Мұқанов баяндама жасады. Мәскеуден Константин Симонов, Павел Антокольский, Киевтен Олесь Гончар, Өзбекстаннан Ғафур Ғұлам, Қырғызстаннан Аалы Тоқамбаев, Түрікменстаннан Берді Кербабаев – бәрі келді. Бұл кеште мен өзімді керемет қанаттанғандай сезіндім.
Сол салтанатты кештен кейін Мұхаң мен үшін мәңгі естен кетпес тұлға болып қалды.
***