Қыста әдетті С дәрумені жиі тапшы, ал мандарин, апельсин, грейпфрут, помело сияқты цитрус жемістері бұл дәруменге бай. Бұл туралы "Лента.ру" басылымына биолог Виталий Наполов айтты, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Маманның айтуынша, цитрус жемістерінің құрамындағы С дәрумені ағзаның вирустар мен бактерияларға қарсы тұруына көмектеседі. Сонымен қатар, қыстың соңына қарай құрма жеудің де пайдасы зор. Өйткені оның құрамында С және А дәрумендері, В тобы дәрумендері, сондай-ақ калий мен магний мол. Бұл заттар иммунитетті нығайтып қана қоймай, жүрек-қан тамырлары жүйесі мен ас қорыту мүшелерінің жұмысына оң әсер етеді.
Сарапшы қыста анар жеуге де кеңес береді. Оның сөзінше, анар С, Р, В6, В12 дәрумендеріне бай. Ол иммунитетті күшейтіп, жүрек пен қан тамырларын нығайтады, сондай-ақ қуатты антиоксидант көзі саналады. Анар мен оның шырынын тұрақты пайдалану гемоглобин деңгейін көтеруге, қан қысымын төмендетуге, ас қорытуды және зат алмасуды жақсартуға ықпал етеді. Бұған қоса, анар калийге, магнийге және жасұныққа бай болғандықтан, қаназдық кезінде және суық тиюдің алдын алуда пайдалы.
Бұдан бөлек, маман қыс бойы сақталатын алма сорттарын тұтынуға кеңес берді. Алма – С дәруменінің, В тобы, А, Е, К дәрумендерінің, сондай-ақ жасұнық, калий мен антиоксиданттардың көзі. Ол иммунитетті күшейтіп, жүрек пен жүйке жүйесін қолдайды. Сонымен бірге ас қорытуды реттеуге, холестеринді азайтуға көмектеседі. Калориясы төмен болғандықтан, салмақ бақылауда ұстауға және ағзаны тазартуға да септігін тигізеді.
Ал бананның құрамында жасұнық пен пектин көп, сондықтан ол ас қорытуға пайдалы. Сонымен бірге банан калий, магний және В6 дәруменіне бай. В6 дәрумені серотониннің түзілуіне қатысады. Бұл өз кезегінде қыста шаршау, ұйқысыздық және күйзеліспен күресуге көмектеседі. Дегенмен маман бананның калориясы жоғары екенін де ескертті.