ШЫҰ миссиясы аясында Ұйымға мүше алты мемлекеттен келген 17 байқаушы аккредиттелді, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Қазақстанда алғашқы Құрылтай сайлауы ойдағыдай өтіп жатыр. Бұл туралы елордада Халықаралық байқаушыларға жәрдемдесу орталығындағы баспасөз мәслихатында Шанхай ынтымақтастық ұйымы миссиясының өкілі, ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары Т.Р. Мидхун мәлім етті.
Оның айтуынша, Шанхай ынтымақтастық ұйымының өкілдері Қазақстан Республикасының Құрылтайына депутаттарды сайлаудың дайындығына және оны өткізу барысын халықаралық деңгейде байқау үшін белсенді түрде қатысып жатыр.
Айта кетейік, ШЫҰ өкілдері Қазақстанға 20 тамызда келіп, сайлау алдында дайындық жұмыстарын бағалау үшін түрлі сайлау учаскелеріне барған.
– Бүгін таңертеңгі сағат 6:30-дан бастап біздің топ Астананың түрлі аудандарындағы бірнеше сайлау учаскесін аралады. Қазіргі уақытқа дейін біз ешқандай заң бұзу дерегін байқаған жоқпыз және ешқандай шағым түскен жоқ. Дегенмен, процестің әлі де жалғасып жатқанын атап өткім келеді. Біздің команда сайлау процесін байқауды жалғастырада, сондықтан ертең осы жұмысты қорытындылаймыз. Атап айтқанда осы уақытта күрделі мәселелер болған жоқ. Меніңше, бәрі ойдағыдай өтіп жатыр, - деді ол.
ШЫҰ миссиясы аясында Ұйымға мүше алты мемлекеттен келген 17 байқаушы аккредиттелді. Олардың қатарында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің заң шығарушы, атқарушы және сайлау органдарының өкілдері, осы мемлекеттердің Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық өкілдіктерінің қызметкерлері, сондай-ақ ШЫҰ Хатшылығының лауазымды тұлғалары бар.
Осы орайда ол миссия мүшелері бүгін сайлау учаскелері ашылған сәттен байқаушы ретінде жұмыстарына кіріскенін айтты. Байқаушылар дауыс беру процесінің ұйымдастырылуын, сайлаушыларға жасалған жағдайларды және учаскелік комиссиялардың жұмысын зерделеді. Бұл ретте миссия өкілдері Астана қаласы мен Ақмола облысы аумағына барды.
- Миссия мүшелері дауыс беру учаскелерін еркін аралап, бақылау бағыттарын өз бетінше айқындауда. Біздің жұмысымыз үшін қажетті жағдайлар жасалған, - деді Т.Р. Мидхун.