Алматыда Д.А.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының қабырғасында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалиция өкілдері мен академияның оқытушылары мен студенттері кездесуі өтті. Диалог алаңы ашық пікір алмасу форматында ұйымдастырылып, негізгі тақырып жаңа Конституция жобасы және алдағы республикалық референдум болды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Қатысушылар ұсынылып отырған өзгерістердің мазмұны, олардың іске асырылу құқықтық механизмдері және конституциялық реформалар процесінде азаматтық қоғамның рөлі туралы сұрақтар қойды.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жанна Асанова алдағы референдумның ел болашағы үшін маңыздылығын атап өтті:
Жаңа Конституция редакциясы әділет принциптерін нығайтуға, қоғамдық бақылау механизмдерін кеңейтуге және мемлекеттік институттардың азаматтарға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Референдум әрбір қазақстандыққа өз пікірін білдіруге және мемлекеттің одан әрі дамуының бағытын анықтауға қатысуға мүмкіндік береді, — деді депутат.
Академия президенті Жалаири Өмірәлі заңгерлік қоғамның конституциялық реформаларды талқылаудағы ерекше рөлін атап өтті:
Болашақ заңгерлер мен қазіргі оқытушылар үшін ұсынылып отырған өзгерістердің мәнін түсіну өте маңызды. Конституция — құқық жүйесінің іргетасы, ал осындай кездесулер жастардың кәсіби және азаматтық ұстанымын қалыптастыруға ықпал етеді, — деді ол.
Студенттер белсенді түрде диалогқа араласып, жаңа нормалардың практикалық қолданылуы мен іске асыру механизмдері туралы сұрақтар қойды. Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар алдағы референдумды және жаңа Конституцияны қолдайтындарын білдірді.
Еске салайық, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі республикалық референдум 15 наурызға жоспарланған.