2025 жылғы 1 шілдеде елде 6 124 ауыл болса, 2026 жылғы 1 шілдеде олардың саны 6 060-қа дейін азайған, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Яғни небәрі бір жылдың ішінде статистикадан 64 ауыл кеміді.
ҚР Ұлттық статистика бюросының деректерін салыстырғанда, ауылдар санының қысқаруы барлық өңірде бірдей жүрмегені байқалады. Өзгеріс небәрі алты облыста тіркелген.
Ең көп ауыл Қостанай облысында азайған. Мұнда ауылдар саны бір жылда 492-ден 475-ке түсіп, 17 елді мекенге қысқарған.
Одан кейін Ұлытау облысы тұр. 2025 жылғы шілдеде өңірде 72 ауыл болса, бір жылдан кейін 56 ауыл қалған. Айырма – 16 ауыл.
Ақмола облысында ауылдар саны 589-дан 574-ке дейін азайған. Яғни бір жылда 15 ауылға кеміген.
Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысында ауылдар саны 350-ден 342-ге дейін (−8), Павлодар облысында 352-ден 345-ке дейін (−7), ал Қызылорда облысында 223-тен 222-ге дейін (−1) қысқарған.
Осылайша, Қостанай, Ұлытау және Ақмола облыстарының өзінде 48 ауылға азайған. Бұл ел бойынша тіркелген жалпы қысқарудың 75%-ын құрайды.
Айта кету керек, статистикадағы ауыл санының азаюы барлық жағдайда елді мекеннің толықтай қаңырап, жойылып кеткенін білдірмейді. Ауылдар әкімшілік-аумақтық өзгерістер нәтижесінде таратылуы, басқа елді мекеннің құрамына қосылуы немесе мәртебесінен айырылуы мүмкін.
Соған қарамастан, көрсеткіш Қазақстандағы ауылдық елді мекендер желісінің біртіндеп өзгеріп жатқанын көрсетеді. Бір жылдың ішінде елдегі ауылдар саны шамамен 1%-ға қысқарған.