Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты (ҚазОжРҒЗИ) өкпе ауруларын төмен дозалы компьютерлік томография (ТДКТ) әдісімен ерте анықтау бойынша жұмысты жалғастырады, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Тексеруден Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу институттарының және жалпы білім беретін ұйымдардың ұзақ жылдар бойы темекі шеккен және қауіп тобына жататын қызметкерлері өте алады.
Бастама аясында қатысушыларға қауіп факторлары бағаланады, ал медициналық көрсетілімдер болған жағдайда ҚазОжРҒЗИ базасында кеуде қуысы ағзаларының ТДКТ-сы жүргізіледі.
Мұндай тәсіл өкпе обырының даму қаупі жоғары адамдар үшін ерекше маңызды. Аурудың бастапқы кезеңдерінде ешқандай айқын белгілер байқалмауы мүмкін. Сондықтан шағымдардың болмауы өкпеде өзгерістер жоқ дегенді білдірмейді.
Скринингтің негізгі мақсаты — өкпе ауруларын ерте кезеңде анықтау, яғни тиімді емдеу мүмкіндіктері жоғары кезде дер кезінде медициналық көмек көрсету.
Күдікті өзгерістерді уақытылы анықтау дәрігерлерге қажетті қосымша тексерулер жүргізіп, нақты диагноз қоюға және қажет болған жағдайда емдеуді кешіктірмей бастауға мүмкіндік береді.
Жұмыс 2027 жылғы 28 тамызға дейін жалғасады.
ҚазОжРҒЗИ мақсатты топқа жататын азаматтарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, қауіп факторларын бағалаудан уақтылы өтуге шақырады. Ауруды ерте анықтау — дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді.