Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс ведомствосының жұмысын түбегейлі трансформациялау мәселесіне тоқталды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
– Жақында Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратымен өткен жиында әскери салада атқарылатын басым міндеттерді айқындадым. Біздің армия өткен ғасырда қалып қойған. Сонымен қатар қолбасшылық жүйесін халықаралық үздік тәжірибеге сай қайта құру керек. Кешенді тәсіл қолдану қажет. Ал ол үшін бағыт-бағдарымыз анық болғаны жөн. Бұл дүниетанымы кең, сауатты офицерлердің ғана қолынан келеді. Реформаның мақсаты – жаңа үлгідегі әскер жасақтау, – деді Мемлекет басшысы.
Президент армияда цифрлық трансформация жүргізуді, мүмкіндігінше адамды технологиямен алмастыруды тапсырды.
– Әскерді дамытудың жаңаша тәсілдері қажет. Таптаурын шешімдер, алдамшы амалдар, қағаз жүзінде бәрін керемет етіп көрсететін өтірік есептер ешкімге қажет емес, – деді Президент.
Әскерді цифрландыру мен жаңа технологияларға көшіру Алматы үшін де маңызды. Мегаполисте ІТ, жасанды интеллект, телекоммуникация және инженерлік технологиялар саласында мамандар мен компаниялар шоғырланған. Сондықтан қорғаныс саласындағы цифрлық трансформацияға алматылық ІТ-мамандардың, ғалымдар мен инженерлердің әлеуетін тартуға мүмкіндік бар. Бұл әскери басқару жүйесін жаңғыртып қана қоймай, отандық технологиялық шешімдерді дамытуға да серпін бере алады.