Сонымен бірге апаттық жұмыстар кезінде қазылған учаскелерді ай соңына дейін қалпына келтіруді аудан әкімдеріне жүктеді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Дархан Сатыбалды кеңейтілген аппараттық кеңес өткізіп қаланың қонақ үй инфрақұрылымын дамыту мен аудандардағы инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру жайын талқылады.
Туризм – қала экономикасының маңызды бағыттарының бірі. Жаңа стадион салып, әуежайды жаңғыртып, тау кластерін дамытумен қатар, қонақ үйлердегі бөлме санын арттыруымыз қажет.
Қазір қаладағы қонақ үйлерде 14 077 нөмір бар. Бұл көрсеткіш Ереван, Баку, Ташкентпен салыстырғанда айтарлықтай төмен. Биыл 27 орналастыру нысаны ашылды, жыл соңына дейін тағы 580 нөмірлік 7 нысанды іске қосу жоспарланған.
Қонақ үй саласында 91 жоба қолға алынды, оның 14-і – бес жұлдызды қонақ үй. Тиісті басқармаларға инвесторлар алдындағы әкімшілік кедергілерді жедел жоюды тапсырдым.
Сондай-ақ аудан әкімдерінің инженерлік инфрақұрылым бойынша есебін тыңдап, апаттық жұмыстар кезінде қазылған учаскелерді ай соңына дейін қалпына келтіруді жүктедім.