Қазақстан Суретшілер одағы ғимаратында елдің жаңа Конституциясы жобасын талқылау өтті. Іс-шараға өнер қайраткерлері, сондай-ақ Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Әкежан Кеңесов қатысты, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» коалициясы аясындағы қызмет барысында спикер түсіндіру жұмыстарының маңыздылығын атап өтіп, адам капиталы мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторларының бірі екенін жеткізді.
Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының төрағасы Умирбек Жубаниязов жүргізіліп жатқан реформалардың заман талабына берілген жауап екенін айтып, шығармашылық қауым стратегиялық өзгерістерді талқылауға белсенді қатысуды маңызды санайтынын айтты.
Өнертанушы, Одақ мүшесі Камилла Ли мәдениет пен білімнің мемлекеттілікті дамытудағы рөлінің ерекше екенін атап өтіп, Конституция жобасын қолдайтынын және құжатты одан әрі жетілдіру барысында қоғам ұсыныстары ескерілетініне сенім білдірді.
Өз кезегінде Одақ мүшесі Жамиля Такен өнердің ұлттық бірегейліктің маңызды құрамдас бөлігі ретіндегі мәртебесін бекіту және елдің бейнелеу өнері мұрасын сақтау мен дамытуға жағдай жасау қажеттігіне назар аударды.
Кездесу қорытындысы бойынша шығармашылық қауым өкілдері жаңа Конституция жобасын қолдайтындарын білдіріп, құжатты кең ауқымда қоғамдық талқылаудың маңызын атап өтті.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес 15 наурыз күні Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдау жөнінде республикалық референдум өткізу жоспарланған.