Италияның Верона қаласында Милан–Кортина-2026 қысқы Олимпиада ойындарының жабылу салтанаты өтті.
Ауқымды шара Еуропадағы ең әйгілі тарихи нысандардың бірі – екі мың жылдан астам тарихы бар, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Арена ди Верона амфитеатрында ұйымдастырылды. Қысқы Олимпиада тарихында алғаш рет жабылу рәсімі көне амфитеатрда өтіп, тарихи орын заманауи сахна алаңына айналды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz.

Кештің тұжырымдамасы «Beauty in Action» («Қозғалыстағы сұлулық») деп аталып, спорт, өнер мен табиғат үндестігін көрсетуге арналды. Сахна төріндегі ерекше құрылым Олимпиада өткен Альпі таулары мен Италия қалаларын байланыстыратын символ ретінде ұсынылды. Қойылымның бір бөлігі Верона филармониялық театрында да жалғасын тапты.
Рәсім барысында дәстүрлі спортшылар шеруі өтті. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын алтын медаль иегері, мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров алып шықты.

Салтанатты кешке 800-ден астам әнші, музыкант және биші қатысты. Көпдеңгейлі LED-сахна орнатылып, костюмдер италиялық опера дәстүріне сай тігілді. Ұйымдастырушылар еріктілер еңбегін және спортшылардың Олимпиадаға дейінгі ұзақ жолын ерекше атап өтті.
Мәдени бағдарлама аясында Акилле Лауро, Бенедетта Поркароли, Габри Понте өнер көрсетті. Әлемдік балет жұлдызы Роберто Болле жетекшілік еткен хореографиялық қойылым кештің шарықтау сәтіне айналды. Музыкалық және би нөмірлері жарық эффектілерімен үйлесіп, амфитеатрдың тарихи кеңістігіне ерекше атмосфера берді.
Дәстүр бойынша рәсім соңында Олимпиада туы түсіріліп, келесі Қысқы Олимпиаданы қабылдайтын ел – Франция өкілдеріне табысталды. 2030 жылғы Қысқы Олимпиада осы мемлекетте өтеді. Итальян композиторы Людовико Эйнаудинің әуенімен Милан мен Кортинада жанған 2026 жылғы Олимпиада алауы сөндірілді.
Айта кетейік, бұл Олимпиадада Қазақстан құрамасы сапында 36 спортшы 10 спорт түрі бойынша бақ сынап, бір алтын медальмен жалпы есепте 19-орынға тұрақтады.