Мемлекет басшысы конституциялық және салалық бірқатар заңға қол қойды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестендіруге, сондай-ақ сайлау, прокуратура және әлеуметтік қамсыздандыру салаларындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған бірқатар заңдарға қол қойды.
Атап айтқанда, Президент:
«Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына оларды Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келтіру, сайлау және прокуратура туралы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңға;
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Конституцияға сәйкес келтіру, сайлау, прокуратура және әлеуметтік қамсыздандыру салаларындағы заңнаманы жетілдіру бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға;
сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқару кодекстеріне және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.
Қабылданған заңдар Конституция нормаларына сәйкестікті қамтамасыз етуге, құқық қорғау және сот жүйесінің жұмысын жетілдіруге, сондай-ақ сайлау рәсімдерінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған.
Заңдардың толық мәтіні бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын болады.