Бүгін түнде қала тұрғындары Алматы әуежайының халықаралық терминалында Канададан жеңіспен оралған Astana Team балалар хоккей командасын ыстық ықыласпен қарсы алды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.

Квебекте өткен турнирде қазақстандықтар 2013 жылы туған балалар арасындағы күш жағынан екінші саналатын AA Elites дивизионында Quebec International Pee-Wee Hockey Tournament 2026 жарысының жеңімпазы атанды. Команданың бұл жеңісі кейінгі бірнеше күнде Қазақстанның әлеуметтік желілерінде қызу талқыланды.

Команда құрама ретінде өнер көрсетті. Құрамында Өскеменнің «Торпедо», «Астана», Қарағандының «Юность» және өзге де клубтардың ойыншылары болды. Турнир барысында Astana Team Канада мен АҚШ қарсыластарына қарсы алты матч өткізді.

Noir d’Or des Montagne командасына қарсы финалда қазақстандық жас хоккейшілер мінез танытты. Алғашында 1:3 есебімен ұтылып жатқан олар таразы басын теңестіріп, ойынды овертаймға жеткізді, кейін буллиттер сериясында жеңіске жетті. Команданың бас бапкері Владимир Захаров шешуші матчтан кейінгі әсерімен әуежайда бөлісті.
«Біз Квебекке ең жақсы қасиеттерімізді көрсетіп, турнирде жеңіске жету ниетімен бардық. Былтыр да финалға дейін жеткенбіз, бірақ сәл ғана жетпей қалған еді. Бұл жолы 1:3 есебімен ұтылып жатып, жігіттер мінезінің арқасында есепті теңестірді, ойынды овертаймға апарып, кейін буллитпен жеңді. Азиядан келген команданың жеңісі күтпеген жағдай болды — ұйымдастырушылар бізді түрегеп тұрып қол соғып құттықтады. Жерлестеріміздің біз үшін жанкүйер болғанын сезіну өте қуанышты болды. Ал Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы турнирдегі жеңісімізбен құттықтағанын естігенде, бұл біз үшін үлкен мәртебе әрі зор қуаныш болды. Осындай жарыстар мықты қарсыластармен бәсекеде шыңдалып, болашақта кәсіби командаларға лайықты хоккейшілер дайындауға мүмкіндік береді», – деді ол.

«Юность» командасының қорғаушысы, алматылық Артём Екимов жанкүйерлерге жылы қарсы алғаны үшін алғыс айтып, шешуші ойындардың оңай болмағанын атап өтті.
«Жартылай финал мен финалда өте қиын болды. Бірақ бапкердің тапсырмаларын орындап, турнирде жеңіске жеткенімізге қуаныштымын. Мұхиттың арғы жағында өз күшіңді сынау өте қызық. Қарсыластар бізден ойын көрсеткіші жағынан әлдеқайда басым болды деп айта алмаймын, бірақ олар әр сәтке дейін күреседі. Біз өзімізді жақсы қырынан танытып, ата-анамызға, достарымызға және барша отандастарымызға қуаныш сыйлағанымызға ризамыз. Қарсы шабуылға негізделген тактика өзін ақтады. Ал біз, қорғаушылар, ең алдымен өз қақпамыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тырыстық. Жеңісіміз осыншалықты үлкен назар аударады деп күтпедім. Бұл тек бастамасы ғана деп сенемін. Болашақта кәсіби хоккейші атанып, бір күні Стэнли кубогын жеңіп алуды армандаймын», – деді жас спортшы.