Қазақстандық азамат 1500 теңге қарызын сұрап, борышкермен төбелесіп, шартты жазаға тартылды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі Жамбыл облысының сотына сілтеме жасап.
Тұрар Рысқұлов ауданының соты азамат Б.-ға қатысты денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру дерегі бойынша (ҚК-нің 106-бабы 1-бөлігі) қылмыстық істі қарады.
Сот анықтағандай, 2025 жылдың тамызында Тұрар Рысқұлов ауданының тұрғыны, сотталушы Б. жәбірленуші К.-ны мас күйінде көріп, одан 1500 теңге қарызын қайтаруды сұраған.
Алайда жәбірленуші оны мойнынан қылқындырған, артынша екеуінің арасында төбелес басталған. Нәтижесінде сотталушы жәбірленушіге бірнеше рет соққы жасап, оның 4 қабырғасын сындырғаны хабарланды.
Сотталушының кінәсі тараптардың жауаптарымен, медициналық қорытындымен және істің өзге де материалдарымен дәлелденген.
Прокурор Б.-ға үш жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған. Сотталушы кінәсін мойындап, жеңіл жаза тағайындауды өтінген. Жәбірленуші айыпталушыны кешіріп, оны бас бостандығынан айырмауды сұрап өтініш білдірген.
Сот үкімі бойынша, ҚК-нің 106-бабы 1-бөлігі 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Сот айыпталушының кінәсін мойындауын және оң мінездемесін жеңілдететін мән-жай ретінде ескеріп, ауырлататын жағдайларды анықтамаған.
Нәтижесінде Б. кінәлі деп танылып, 3 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Үкім заңды күшіне енді.