21 маусымда Алматы қаласындағы Балуан шолақ атындағы Спорт сарайында II республикалық «Дана ғасыр» форумы өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Айтулы іс-шара Қазақстанның болашақ ұрпағы мен осы үдерістегі ананың рөліне бейжай қарамайтын азаматтардың басын қосты.
Форумның басты мақсаты – саналы ұрпақ тәрбиелеу идеясын ілгерілету, қоғамдағы отбасы институтының рөлін нығайту және берекелі отбасы мемлекеттің тұрақтылығы мен ұлттың орнықты дамуының негізі екенін кеңінен насихаттау.
Бүгінде әлемнің көптеген елі әлеуметтік, психологиялық және рухани сын-қатерлерге тап болып отыр. Осыған байланысты форум аясында қоғамдық келісімді нығайту, отбасы мәдениетін қалыптастыру, жастар тәрбиесі, тұлғалық даму, сана трансформациясы, адамның ішкі үйлесімі және рухани-адамгершілік құндылықтарды сақтау мәселелері жан-жақты талқыланды.
Форумның бас спикері – қоғам қайраткері, кәсіпкер және тұлғалық даму саласының сарапшысы Айнұр Бектұрған. Ол баяндамасында қазіргі заманның ең өзекті мәселелерінің бірі – балалар мен жастарды жаһанның қарқынды өзгерістеріне бейімдей отырып, олардың ұлттық құндылықтарды, ішкі болмысы мен беріктігін сақтай алатындай етіп тәрбиелеу жайына тоқталды. Бұл ретте ананың рөлі айрықша маңызды екені атап өтілді. Қазақ дүниетанымындағы «Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген нақылдың мәні де осы форум аясында терең түсіндірілді.
Спикердің пікірінше, қоғамның болашағы технологиялар мен экономикалық көрсеткіштерге ғана емес, ең алдымен адами капиталдың сапасына байланысты. Сондықтан ойлау қабілетін, эмоциялық интеллектіні, жауапкершілікті және дербес шешім қабылдау дағдыларын дамытуға ерекше көңіл бөлу қажет. Сонымен қатар ұлттық болмысты сақтау, ата-баба тарихын білу және әл-Фараби, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп сынды ұлы ойшылдардың рухани-интеллектуалдық мұрасын игеру маңызды. Бұл құндылықтарды «Хәл білімі» ұғымымен сипаттауға болады. Хәл білімі – жай ғана білім емес, адамның мінезі мен өмір салтына айналған, жүрекпен қабылданған таным. Яғни адам ақиқатты біліп қана қоймай, соған сай өмір сүреді.
Форум барысында Айнұр Бектұрған Қазақстан қоғамындағы әлеуметтік және рухани сын-қатерлерге қатысты өзекті статистикалық деректермен бөлісіп, саналы ата-ана болудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, тәрбие ең алдымен ересектердің жеке үлгісінен басталады. Ата-аналар мен педагогтер тек білім беріп қана қоймай, баланың құрметке, тәртіпке, көшбасшылыққа және өз өміріне, болашақ отбасына, әулетіне, еліне әрі бүкіл адамзатқа жауапкершілікпен қарауға үйренетін ортаны қалыптастыруы тиіс.
Қатысушылардың ерекше қызығушылығын отбасылық қарым-қатынастарды нығайту, ішкі мотивацияны дамыту және аналардың өз балаларына үлгі бола алатын берік өмірлік ұстанымдарын қалыптастыру жөніндегі практикалық ұсыныстар тудырды.
Форумда сондай-ақ Айнұр Бектұрған жүзеге асырып жатқан авторлық білім беру жобалары туралы ақпарат ұсынылды. Аталған бағдарламаларға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 15 мыңнан астам адам қатысқан. Сонымен қатар Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Австралия, Дубай және Корея елдерінен де қатысушылар бар. Жоба қатысушыларының басым бөлігін әйелдер құрағанымен, бүгінде ер азаматтар да қосылып келеді.
Іс-шара сапалы білім беру бастамаларына қоғам тарапынан жоғары сұраныс бар екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға негізделген адами әлеуетті дамыту стратегияларын талқылауда маңызды алаңға айналды.
Форумды ұйымдастырушылар:
««Кемел ұрпақ» отбасылық академиясы» және Айнұр Бектұрған – қоғам қайраткері, кәсіпкер, сана трансформациясы саласының тәлімгері, Қазақстан Республикасы Билер алқасы жанындағы «Аналар кеңесінің» төрайымы, Қазақстан Республикасы Іскер әйелдер кеңесінің медаль иегері, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы.