Сауалнама нәтижелеріне сәйкес, Құрылтай депутаттарының сайлауында қазақстандықтардың қатысу деңгейі айтарлықтай жоғары болады деген болжам бар, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Демократия институты 2026 жылғы 20 шілде мен 6 тамыз аралығында жүргізілген әлеуметтанулық зерттеу нәтижелерін ұсынды.
«Егер Құрылтайға (Парламентке) сайлау келесі жексенбіде өтсе, Сіз дауыс беруге барар ма едіңіз?» деген сұраққа сауалнамаға қатысқандардың 73,1%-ы сайлауда дауыс беруге ниетті екенін білдірді. Басқаша айтқанда, респонденттердің төрттен үшеуі Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысуға ниетті.
Әлеуметтанулық сауалнама 2026 жылғы 20 шілде мен 6 тамыз аралығында Демократия институтының қаржыландыруы негізінде жүргізілді. Іріктеме көлемі 8000 респондентті құрады. Сауалнамаға 17 облыс пен 3 республикалық маңызы бар қала – Астана, Алматы және Шымкент қалаларының 18 жастан асқан респонденттері қатысты.
Зерттеу барысында респонденттердің электоралдық таңдаулары да зерделенді. Сауалнама қатысушыларына сайлауда қай саяси партияға дауыс беруге дайын екендері сұралды.
▪️Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, респонденттер арасында ең жоғары қолдауға «Әділет» партиясы ие. Сауалнамаға қатысқандардың 70,3%-ы аталған партияға дауыс беруге дайын екенін білдірді. Осылайша «Әділет» партиясы электоралдық таңдаулар рейтингінде бірінші орынға ие болып отыр.
▪️Екінші орында – «Ауыл» партиясы, оған респонденттердің 5,6%-ы дауыс беруге дайын.
▪️Үшінші орында «Ақ жол» партиясы, партияны қолдаушылар үлесі 5,0% құрады.
▪️Келесі кезекте «Respublica» партиясы орналасқан, оны респонденттердің 4,9%-ы қолдауға дайын.
▪️Бесінші орында 4,2% нәтижемен оппозициялық Жалпыұлттық социал-демократиялық партия орналасқан.
▪️Алтыншы орында – Халық партиясы респонденттердің 3,9% қолдаған.
▪️Жетінші орында – «Байтақ» партиясы, қолдау деңгейі 0,6%-ды құрады.
Сондай-ақ респонденттердің 5,5%-ы электоралдық енжарлықтанытып отыр. Оның ішінде 1,6%-ы барлығына қарсы дауыс беретінін айтса, 3,9%-ы қай партияға дауыс беретіні туралы әлі шешім қабылдамаған.
Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, қазақстандықтардың электоралдық дайындығы жалпы жоғары деңгейде. Бұл азаматтардың елдің қоғамдық-саяси өміріне тұрақты қызығушылық танытатынын білдіреді және алдағы Құрылтай сайлауына белсенді қатысуға деген саналы дайындығын айқын дәлелдейді.
Іріктеу Қазақстан Республикасы халқының негізгі әлеуметтік-демографиялық сипаттамаларына, атап айтқанда тұрғылықты жерінің түріне (қала/ауыл), жынысы мен жасына қарай репрезентативті. Сенімділік ықтималдығы 95% болған жағдайда іріктеменің статистикалық қателік шегі ±1,1%-дан құрайды.
Демократия институты бұл зерттеу нәтижелерін Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2026 жылғы 13 шілдедегі № -11-07/ЗТ-Қ-34 хабарламасы негізінде жариялап отыр.