№193 жалпы білім беретін мектепте Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 37 жыл толуына орай «Ауғанстан ақиқаты» атты тағылымды кездесу кеші өтті. Шараның басты мақсаты – жас ұрпаққа тарихи шындықты таныту, Отан алдындағы борыштың қасиетін ұғындыру және Ауған соғысы ардагерлерінің ерлігін дәріптеу болды.
Ауған соғысы 1979–1989 жылдар аралығында өтті. Он жылға созылған қанды қырғында Қазақстаннан 22 мыңнан астам азамат әскери борышын өтеп, мыңға жуық жауынгер ерлікпен қаза тапты. 1989 жылдың 15 ақпаны – Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан толық шығарылған күні ретінде тарихта қалды. Бұл күн – ерлік пен елге деген адалдықтың, сондай-ақ қасірет пен сағыныштың белгісі.
Іс-шараға жауынгер-интернационалистер, Ауған соғысының ардагерлері арнайы шақырылды. Атап айтқанда, «Панджшер» тобының жетекшісі, «Намыс» Ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектерінің қоғамдық бірлестігінің төрағасы Алмасбек Айдарбаев және «Намыс» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары АбубакирХанаев қатысып, оқушылармен мазмұнды кездесу өткізді.
Ауған соғысының ардагерлерлері оқушыларға өз өмір жолдары, әскери борышын өтеу кезіндегі қиындықтар, жауынгерлік достықтың қадірі мен сын сағаттарда көрсеткен қайсарлықтары туралы әсерлі әңгімелер айтты. Олар Ауған жеріндегі ауыр күндерді еске алып, бейбіт өмірдің бағасын түсіндірді. Ардагерлер өз сөздерінде Отан алдындағы адалдық, достыққа беріктік пен ерліктің мәні жайлы тағылымды ой қозғап, жастарды елін, жерін сүюге, тәуелсіздіктің қадірін білуге шақырды.
Кеш барысында мектеп жанында орналасқан Мәдениет үйінің ардагерлерден құралған «Беу, айдай» анамблі мен вокалдық топтан құралған зейнеткерлер және мектеп оқушылар патриоттық әндер орындап, өлеңдер оқыды.
Сонымен қатар, Ауған соғысында қаза тапқан боздақтарды еске алу мақсатында бір минут үнсіздік жарияланды.
Мұндай тағылымды шаралар жас ұрпақтың бойында патриоттық рухты қалыптастырып, тарихи сананы нығайтуда маңызды рөл атқарады.
«Ауғанстан ақиқаты» атты кездесу кеші ерлікке тағзым ғана емес, бейбіт өмірдің бағасын ұғындырған, ұрпақ пен ардагер арасындағы рухани байланысты бекемдеген тәрбиелік мәні зор іс-шара болды. Еліміздің болашағы жастар осындай кездесулерден тағылым алып, елін сүйетін, жерін қорғайтын азамат болып қалыптасары сөзсіз. Ерлік ешқашан ұмытылмайды, тарих тағылымы – мәңгілік. Бүгінгі бейбіт өмір – кешегі батырлардың аманаты. Сол аманатқа адал болу әрбір жас ұрпақтың қасиетті парызы екенін дәріптеуіміз керек.
Омарова К.А
Жетісу ауданы №193 жалпы білім беретін мектеп директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.