Өңірлік коммуникациялар қызметінде ҚР ТЖМ «Республикалық құтқару қызметі «Барыс» РММ құтқару бөлімшесінің бас құтқарушысы Павел Воскобойников демалысты құтқару операциясына айналдырмау үшін нені ескеру керектігін айтты, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Маманның айтуынша, жазда құтқару бригадалары кейде тәулігіне 3–4 ретке дейін шақырту алып жолға шығады екен.
Спикер шыңға шығудың барлығы дерлік қауіпті екенін айтады. Туристердің үстіне тас түсіп, күн райы аяқ асты құбылып, тәжірибе мен арнаулы жабдықты қажет ететін қиын жерлерге де тап болуы мүмкін. Құтқарушы әсіресе Медвежье шатқалы мен Күмбелсу шатқалына назар аудартты.
«Медвежье шатқалында үш сарқырама бар. Мұндай учаскеден өту үшін арнаулы жабдық қажет болып қалуы мүмкін. Дайындығы жоқ туристер ол жаққа өз бетінше бармағаны жөн. Күмбелсу шатқалы жалпы алғанда өтуге келмейтін қиын жер саналады», – деп ескертті Павел Воскобойников.
Ол таудағы оқыс оқиғаға көбіне адамның өз мүмкіндігін асыра бағалауы себеп болатынын айтады. Кейбір туристер гидпен бір рет жолға шыққаннан кейін тауды жақсы білемін деп ойлап, өз бетінше күрделірек бағытты таңдай бастайды. Барар жерін мұқият зерттеп алмайды, күн жарық болатын уақытты ескермейді, кейбірі тіпті қажетті жабдықты дұрыс таңдамай жолға шығады.
«Жолға шықпас бұрын маршрутты мұқият зерттеп, туыстарыңызға немесе достарыңызға нақты қай бағытпен жүретініңізді хабарлауыңыз керек. «Тауға кеттім» деген сөз болмайды: құтқарушылар кем дегенде шатқалдың атауы мен баратын жеріңізді біліп отыруы қажет», – дейді Павел Воскобойников.
Геолокация болған жағдайда іздестіру-құтқару операциясының ұзақтығы шамамен екі есеге қысқаруы мүмкін. Егер координаттар белгісіз болса, құтқарушыларға үлкен аумақты тексеруге тура келеді, кейбір жағдайда үйретілген иттері бар кинологиялық топтарды да шақыруға тура келеді.
Павел Воскобойниковтың айтуынша, әркім өзмен бірге екі телефон немесе қосымша қуат көзін алып жүру керек, сондай-ақ маршрутты электронды түрде ғана емес, қағаз нұсқасында да сақтаған жөн. Картаның бір данасын туыстарыңызға қалдырған дұрыс. Қайтатын уақытты да дұрыс есептеу керек.
«Егер түске дейін жоспарлаған жеріңізге жетпесеңіз, кері қайтыңыз. Әйтпесе, қараңғы түскен кезде жолдан адасып кетуіңіз мүмкін», – дейді құтқарушы.
Жабдыққа да ерекше көңіл бөлу қажет. Тауға шығарда тобықты жауып, оны түгел қымтап тұратын аяқ киім таңдаған дұрыс. Тауға арналған кроссовкалар трейлраннингке көбірек қолайлы, алайда құлаған немесе шалыс басқан жағдайда олар тобықты жарақаттанудан қорғай алмауы мүмкін.
Тіпті күн ыстық болған жағдайда да мамандар ұзын шалбар, денені толық жабатын киім, күрте мен бас киім алып жүруге кеңес береді. Бұл күн сәулесінен, тікенекті өсімдіктен, кенеден, жәндіктер мен ауа райының күрт суытуынан қорғануға көмектеседі.
Тауда ауа райы бірнеше минуттың ішінде өзгеруі мүмкін. Күн бұлттанып, жел күшейгеннен кейін температура шамамен он градусқа төмендеуі ықтимал. Сондықтан жаз мезгілінің өзінде күрте алып жүру қажет.
Спикер жасөспірімдердің ата-анасына да ерекше үндеу жасады. Оның байқауынша, соңғы уақытта тауға 14–16 жастағы кәмелетке толмағандар өз бетімен тауға жиі баратын болыпты. Ата-аналар олардың маршрутын, қай уақытта қайтатынын біліп, балаларымен үнемі байланыста болуы керек.
Таудағы қиын бағытарға емізулі балалар мен үй жануарын алып бармау керек. Кішкентай бала ауа райының күрт өзгеруіне байланысты тез қызып кетіп, тоңып қалуы да мүмкін. Ал үй жануары таудағы жабайы жануарлар мен құстардың мазасын алуы ықтимал.
Құтқарушы таудан қорқудың қажеті жоқ екенін, алайда оған құрметпен қарау керектігін еске салды. Баратын жеріңізді алдын ала зерттеп, қолайлы киім мен аяқ киім таңдап алып, жақын-жуықтарыңызға қайда баратыныңызды, қашан келетініңізді айтып кетсеңіз – демалыс оқыс оқиғасыз өтеді.