Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында «Қалқанша безінің түйінді түзілімдерін емдеудегі минималды инвазивті технологиялар» атты мастер-класс өтті. Профессор Хван Ён Джиннің (Сеул, Оңтүстік Корея) қатысуымен 6 науқасқа қалқанша безіне радиожиілікті абляция жасалды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Ең жас пациент 26 жаста. Алматы қаласының тұрғынына қалқанша безінің оң бөлігінде көлемі 4,4 см болатын уытты емес біртүйінді зоб диагнозы қойылған. Бұл – ірі түзілім болып саналады және мойын ағзаларын қысу қаупіне байланысты көп жағдайда хирургиялық емдеуді талап етеді. Ал Алматы облысының 56 жастағы тұрғынында қалқанша безінің екі бөлігінде көлемі 4,3 см болатын уытты емес көптүйінді зоб анықталған. Пациенттерді тыныс алудың және жұтынудың қиындауы, тамақ және су ішу кезінде жайсыздық, ауырсыну, тамақта бөгде зат тұрғандай сезім, жыбырлау және жөтел белгілері мазалаған.
"Радиожиілікті абляция – қалқанша безі түйіндерін хирургиялық операциясыз емдеудің заманауи әдісі. Процедура барысында ісік тініне арнайы радиожиілікті ток әсер етіп, патологиялық жасушалар жойылады. Бұл ретте қалқанша безінің сау тіндері зақымданбайды. Қалқанша безіне абляция жасау жергілікті анестезиямен жүргізіледі, жалпы наркоз қажет емес. Пациент айтарлықтай жайсыздық сезінбейді", – дейді клиниканың интервенциялық хирургі Арман Ибраев.
Процедура 30 минуттан астам уақытқа созылуы мүмкін, кей жағдайда күрделілігіне байланысты бір сағаттан асады. Алайда аталған технологиямен 20 жылға жуық уақыт айналысып келе жатқан профессордың жоғары кәсібилігі мен шеберлігінің арқасында ем-шаралар бірнеше минут ішінде жылдам орындалды.
Эндокринологтарға арналған мастер-класта Моңғолия, Корея және Қазақстандағы тәжірибеге негізделген қалқанша безінің радиожиілікті абляциясының тиімділігінің клиникалық жағдайлары талқыланды. Қатысушыларға сертификаттар берілді.
Қалқанша безінің қатерсіз түйінді түзілімдерін емдеудің бірегей әдісін енгізу – радиожиілікті абляцияны енгізу институт пациенттеріне хирургиялық араласусыз түйіндерден арылуға және өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Қатерсіз түйіндерді емдеудің инновациялық, жоғары тиімді, аз инвазивті әдістері пациенттерге МӘМС жүйесі аясында қолжетімді.