Алматыда қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығы, сондай-ақ Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасының 50 жылдығы және кітапханаға ақын есімі берілгеніне 30 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Бұл туралы қалалық Мәдениет басқармасының өкілдері айтты.
Мерейтойлық кеш кітапханада ұйымдастырылып, оған қала әкімдігі өкілдері, зиялы қауым, жазушылар, кітапхана ардагерлері мен оқырмандар қатысты.
Бағдарлама аясында ақын өмірі мен шығармашылығына арналған архивтік құжаттар мен сирек материалдар көрмесі ұсынылды.
Сонымен қатар «Кітапхана: кеше, бүгін, ертең» атты дөңгелек үстелде сала мамандары, зерттеушілер мен жас кітапханашылар кітапхана дамуы мен жастар тәрбиесіндегі рөлі туралы пікір алмасты.
Кештің көркін дәстүрлі ән орындаушылары мен ақындар қатысқан «Кітапханада туған жыр» атты поэтикалық айтыс айшықтады. Жас мамандар үшін зияткерлік quiz-турнир де ұйымдастырылды.
Бұл күні кітапхана ісіне көп жыл еңбек сіңірген мамандарға ерекше құрмет көрсетілді. Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Нұрғалиева Мәдениет және ақпарат министрлігінің салаға жауапты комитеті төрағасының атынан мекеме дамуына елеулі үлес қосқан ардагерлерге алғыс хат табыстады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Жамбыл атындағы кітапхана бүгінде Алматының маңызды мәдени-рухани орталығы ретінде әр буынды тоғыстырып, жастардың әдебиет пен ұлттық мұраға қызығушылығын арттыруда маңызды рөл атқарып келеді.