Алматы қаласында «Ауыл» партиясы қалалық филиалының ұйымдастыруымен Әуезов ауданындағы комьюнити орталықта «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасына арналған ақпараттық іс-шара өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Кездесуге Әуезов ауданы полициясының подполковнигі Азамат Амиркулович Ахметоллаев қатысып, құқықтық мәдениетті арттыру, қоғамдық тәртіпті сақтау, сондай-ақ ауыл мен қаладағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша баяндама жасады.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамда заң үстемдігін нығайту, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы түсіндіру жұмыстарын күшейту. Жиын барысында құқық қорғау органдары атқарып жатқан жұмыстар таныстырылып, құқық бұзушылықтың алдын алу тетіктері кеңінен түсіндірілді.
Кездесуде жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, интернет-алаяқтықтан сақтану жолдары, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтау және жеке қауіпсіздік мәселелері қозғалды. Қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, нақты жауап алды.
Жиын соңында заң мен тәртіпті сақтау – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті екені ерекше атап өтілді.