Алматыда үш жыл ішінде жастарға арналған 11 орталық ашылып, 5 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Кейінгі үш жылда Алматыда жастарға арналған инфрақұрылым айтарлықтай кеңейіп, жас буынмен жұмыс істеудің жаңа форматтары енгізілді. Бұл туралы қалалық Жастар саясаты басқармасының өкілдері айтты.
Басқарма мәліметінше, 2023 жылы қалада жастар ресурстық орталықтары жұмыс істеп, олардың аясында 1,2 мыңнан астам іс-шара өткізіліп, 120 мыңнан аса адам қамтылды. 2024 жылы халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, Страсбург пен Будапешт қалаларындағы Еуропалық жастар орталықтарының үлгісі бойынша сегіз жастар комьюнити орталығы өз жұмысын бастады. Олардың басты ерекшелігі кешенді тәсіл: жастарға тек кеңес беріліп қана қоймай, жобалар мен бастамаларды іс жүзінде жүзеге асыруға арналған алаңдар ұсынылды.
Аталған орталықтарда 1,7 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылып, оған 380 мыңнан аса адам қатысты. Сонымен қатар психологиялық және құқықтық көмек көрсету, сондай-ақ жұмыспен қамту және кәсіби бағдарлау мәселесі бойынша сүйемелдеу қызметтері дамытылды.
«2025 жылы қала жаңа жұмыс форматына көшті: орталық саны 11-ге дейін артты, ал олардың қызмет аясы базалық қолдаудан жастарға арналған білім беру, отбасылық, әлеуметтік, мәдени және қалалық ортаны құруға дейін кеңейді. Бір жыл ішінде 2,5 мыңнан астам іс-шара – дәрістер, семинарлар, экологиялық акциялар, зияткерлік ойындар, спорттық турнирлер мен шебер сабақтары өткізілді. Жалпы қамту 570 мың адамнан асты», – деп айтты Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасының мамандары.
Жеке консультацияларды 17,6 мыңнан астам жас алды, оның ішінде 10,8 мыңы – жұмыспен қамту жайы бойынша, 6,8 мыңы – психологиялық және құқықтық көмек бағытында.
Басқармада атап өткендей, орталықтар қалалық жастар инфрақұрылымының өзегіне айналып, бүгінде тек NEET санатындағы жастармен ғана емес, сонымен қатар қаладағы кең ауқымды жастар қауымдастықтарымен де жұмыс жүргізуде.